$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Таразда туристер саны 45 пайызға артты

AstanaTV
18.05.2017ж. 20:00
5478
Таразда туристер саны 45 пайызға артты

Биыл Таразға келген туристер саны 45 пайызға дейін артқан. Қытай мен Еуропадан келгендер тарихи орындарға қызығушылық танытуда. Мұны Жамбыл облысы әкімдігінің мамандары хабарлады. Сондықтан биыл ішкі туризмді дамытуға былтырғыдан 3 есе көп қаржы бөлінген. Бірақ оның өзі жеткіліксіз көрінеді. Данияр Әлімқұл Тараздағы туризм мәселесіне үңіліп көрді.

Тараздан 15 шақырым жердегі Айша-бибі кесенесіне ағылып келушілердің қарасы қалың. Ал бұл Өзбекстан туристері. Айтуларынша, бұл махаббат мавзолейі - Үндістандағы Тәж-Махалдан кейінгі сезім символы ретінде тұрғызылған әлемдегі екінші ескерткіш.

Айгүл Жәнібекова, Өзбекстаннан келген турист:

Міне, біз қазақтың төріне зияратқа Ташкент елінен келдік. Мынау Зеңгі атамыздың қызы Айша бибі анамыз махаббат мысалы дейді. Көп елдерді кезіп, 35 адаммен бірге келдік. Айша-бибі туралы Қазақстанда да, Өзбекстанда да көп ел біледі.

Таразда 2 млрд теңгеге тұрғызылған «Көне Тараз» археологиялық музейі туристер тартылатын негізгі нысан болып отыр. Жамбылдағы «Ақыртас», «Баласағұн» мен «Тамды» кешендері де көне ескерткіштер қатарына жатады. 

Тәкен Молдақынов, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық музейінің директоры:

Ақыртас секілді ескерткіш орталық Азияда жоқ. Дәл қазір бізге зәрулеу боп тұрған қаржы - мына Қарахан кешені аумағына санитарлық нысан тұрғызу. Оған шамамен 30-40 млн теңге ақша керек.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Таразды көне қала дейміз. Алайда, көнелігін көрсететін қаланың бүтін бір бөлігі Самарқанд секілді сақталмаған. Тек тарихи орындар мен ерекше ескерткіштер ғана көргенге жақсы, көңілге демеу. Көненің көзі деп шаһар шетіндегі «Айша бибі» кесенесін айтып, қала берді қала ішіндегі «Қарахан бабаның» алдынан қайтамыз. Әзірге облыс орталығындағы осы орындарды ғана мамандар саяхаттаушыларды тартатын магнитті мавзолейлер деп отыр.

Аймақтағы 3 мың ескерткіш ішінен 33 нысанды туризм орталығына айналдыру көзделген. Алайда, ішкі туризмді дамытуға бөлінетін қаржы мардымсыз көрінеді. 

Қарлығаш Аралбекова, облыстық кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы:

Биылғы жылға, мысалы, 104 млн.теңге. Былтыр 42 млн теңге болған. Биыл енді, өзіңіз байқағандай, 3 есе көп. Жол құрылымдарын, егер соның бәрін санайтын болсақ, бұл негізгі соммамыз 1 млрд 200 миллион теңгеге жетеді. Өйткені келіп жатқан туристердің саны да өсті. Жалпы алғанда 40-45 % өсіп отыр.

Бүгінде Таразда 40-тан астам турфирма тіркелген. Ал ішкі туризммен айналыстатындары бар-жоғы 8 ғана. Солардың бірі Альбина Веймер ішкі туризм дамымай тұрғанын айтады.

Альбина Веймер, турфирма директоры:

Туризм қазір әлемде есірткі және қару-жарақ сату табысынан кейін 3-ші орында тұр. Бүгінде бізге келетін туристер айтарлық көп емес. Жолымыз нашар. Өйткені бізге, біріншіден, бренд керек. Тарихымыз туралы шетелде жарнамамыз жасалуы тиіс. Шетелдік туристерді кездестірмедік. Тек жуырда Чили елінен 2 туристің Түркістан арқылы Таразға келгені бар. 

Биыл Жамбыл облысы ішкі туризмді дамыту үшін Түркия, Өзбекстан және Қытайдың 2 провинциясымен меморандумға қол қойған. Таразға 400 адам саяхаттаса, оның 120-сы Еуропа мен Қытайдан келген.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ