$522.91 €548.85 ₽5.05
×

Сырдариядан күр жүріп жатыр

AstanaTV
12.12.2024ж. 23:31
34
Сырдариядан күр жүріп жатыр

Осы кезде "Шардара" су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 250 текше метр су жіберіліп жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жауапты мамандардың айтуынша, өзендегі ахуал тұрақты, өзендегі су деңгейі бақылауда.

– Арал-Сырдария бассейнінің негізгі су көзі болып табылатын Сырдария өзені Нарын мен Қарадария өзендерінің қосылған жерінен бастау алады. Сырдария өзенінің су қоры "Тоқтағұл", "Әнжіжан", "Бахри-Точик", "Шарбақ", "Шардара" су қоймаларының және "Көксарай" су реттегішінің жұмысымен реттеледі. Өзеннің еліміз төңірегіндегі жалпы ұзындығы 1 746 шақырымды құраса, оның 465 шақырымы Түркістан облысы және 1 281 шақырымы Қызылорда облысы төңірегінен өтіп, Солтүстік Арал теңізіне құяды.

Арал-Сырдария бассейнінде жалпы ұзындығы 4 744 шақырымды құрайтын, Сырдария өзеніне құятын Келес, Арыс, Бадам, Бұрылдай, Бөген және 121 кіші өзендер бар. Бұл өзендердің ағыстары 38 су қоймаларының жұмысымен реттелген. Қызылорда облысы аумағында 228 көл, оның ішінде Сырдария өзені арнасынан тікелей сумен қамтамасыз етілетін 50-дің үстінде көл бар. Сырдария өзені арнасында орналасқан көлдерге, ескі арналарға және жайылымдық жерлерге орта есеппен жылына 4 000-4 500 млн текше метр су жайылады, – деді "Арал-Сырдария" бассейндік инспекциясының бастығы Қайратбек Сәрсенбаев.

Бүгінде облыс аумағында барлығы 37 гидротехникалық құрылыс орналасқан. Су басу қаупі бар аймақтарға арнайы техника, күш-құралдары бар жауапты мекемелер бекітіліп отыр. Яғни, 39 су басу қаупі бар аймаққа 135 мекеме бекітіліп, 410 арнайы техника мен 1 234 адам сақадай-сай тұр.

– Облыста күн райының күрт суытуынан 9 желтоқсаннан бастап Арал және Қазалы аудандары аумағында күр жүру процестері басталды. Бүгінгі мәліметке сәйкес, Қармақшы ауданында 2-3 пайыз, "Қазалы" су торабында 50-55 пайыз, "Ақлақ" су торабында 4-5 пайыз күр жүруде.

Сонымен қатар, Арал ауданы Қызылжар елді мекені тұсынан бастап "Ақлақ" су торабына дейін мұз толық ұстасты. Жалпы ұзындығы 70 шақырымды құрайды. Осы мәселелерге байланысты "Ақлақ" су торабы мен "Қазалы" су торабының қауіпсіздігі мен су тасқынынан туындайтын төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында 9 желтоқсаннан бастап транзиттік режимге көшірілді. Одан бөлек, Қазалы және Арал аудандары бойынша өндірістік учаске тарапынан түнгі мезгілге кезекшілік ұйымдастырылды, – деді "Қазсушар" РМК Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Айдос Асанбаев.