Қарашадағы ең көп бос жұмыс орны Астана қаласында тіркелген.
Жауапты министрлік жұмыс берушілердің де, жұмыс іздеушілердің де белсенділігі төмендегенін айтады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қазан айымен салыстырғанда бос жұмыс орындарының саны 22%-ға, ал түйіндеме саны 14%-ға азайып отыр.
Мысалы, 2024 жылғы қараша айында электронды еңбек биржасында 96,9 мың бос жұмыс орны және 91,7 мың түйіндеме жарияланған.
– Барлық түйіндеменің жартысына жуығын 16 жастан 34 жасқа дейінгі жастар (43,9 мың) орналастырады, олардың ішінде ең белсендісі – 16 жастан 24 жасқа дейінгі және 29 жастан 34 жасқа дейінгі топтар, олар ЭЕБ-да орналастырылғандардың жалпы санының 18 пайызын құрайды, – дейді министрлік мамандары.
Өңірлер бойынша қараша айында ең көп бос жұмыс орындарын Астана қаласының (8 мың), Павлодар (6,4 мың) және Алматы (5,8 мың) облысының жұмыс берушілері орналастырған. Бос орындар санының ең көп қысқаруы Батыс Қазақстан (-4,8 мың), Қызылорда (-2,5 мың) және Маңғыстау (-1,5 мың) облыстарында тіркелген.
– Жұмыс берушілер ең жоғары жалақыны бас құрылысшыларға (орта есеппен 726 мың теңгеден бастап), өндіруші өнеркәсіптегі қызмет бастықтарына (шамамен 649 мың теңге) және диірменшілерге (шамамен 580 мың теңге) ұсынды. Жұмыс іздеушілер арасында ең жоғары жалақыны әзірлеу жөніндегі жобалардың басшысы (орта есеппен 1,3 млн теңгеден бастап), талдау қызметінің бастығы (шамамен 1,2 млн теңге) және ұшқыштар (шамамен 1,1 млн теңге) сұрады, – деп жазылған ресми хабарламада.