Келер жылы елімізде «Ауыл аманаты» жобасына 56 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Премьер- министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова айтты. Жоба басталғалы елімізде жүйелі жұмыстар жүргізілген. Үздік өңірлерлер анықталды. Игі бастамаларды бөлісіп, тәжірибе алмасу мақсатында барлық облыстың бағдарлама үйлестірушілері Қызылордаға жиналды.
«Ауыл аманаты» жобасы тұрғындардың өзін-өзі жұмыспен қамтып, кәсіпкер атануына мүмкіндік берді. Бағдарламаны әр облыс өзінше жандандырып, халықтың әл-ауқатын арттыруға жол ашуда. Мәселен Батыс Қазақстан облысы Қоскөл ауылдық округінде былтырдан бері 34 адам төмендетілген процентпен несие алған. Соның негізінде 200 млн теңгеге жуық қаржы игерілген. Ауыл тұрғындары сүтті сиыр мен уақ малды көбейткен. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрып, түйткілді мәселелерді шешуге мүмкіндік туған.
ӘДІЛЕТ МҰСАҒАЛИЕВ, БҚО ҚАРАТӨБЕ АУДАНЫ, ҚОСКӨЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:
Қосымша коператив арқылы бастарын біріктіріп, осының нәтижесінде техника алуға мүмкіндік алып отырмыз. Мал азығын дайындау, ауылдың қоқысын шығару, тазалық жұмыстарын жүргізу. Барлық жұмысты біз коператив арқылы жүргізіп отырмыз. Сонда бір ауылдың өзінен өзі өмір сүруіне мүмкіндік жасау.
Екі жылда бағдарлама аясында 100 млрд теңгеден аса қаржы бөлінген. Келесі жылы да жоба жалғасын табады. Бірақ өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Әкімдіктер жүзеге асырылатын әр бастаманың толық ұйымдастыру схемасын ұсынуы шарт. Онда өндірілетін өнімнің көлемі ғана емес, қайда, кім арқылы сатылатыны да көрсетіледі. Ал қажетті қаржы ақпараттандырылған жүйе арқылы беріледі. Соның негізінде бөлінетін әр тиын бақылауға алынып, мониторинг жүргізіледі.
ТАМАРА ДҮЙСЕНОВА, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Ендігі жылы берілетін қаражаттың 20 пайызын лизингтік техникалар алуға, 20 пайызын қайта өңдеу технологиясын алуға, ал 60 пайызын ауылшаруашылық бизнесін жасау немесе ауылшаруашылығына қатысты емес бизнес жасау мүмкіндігін айттық. Мұндай қаражатты алу үшін әрбір ауыл әкімшілігі өзінің салық базасын кеңейту керек. Ал салық базасын кеңейту үшін біздің үкімет тарапынан жаңа бағдарламалар беріп отырмыз.
«Ауыл аманаты» жобасы Қызылордада сәтті жүзеге асып келеді.
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:
Бүгінгі күнге 2 млрд 500 млн теңге бөлініп, 1 млрд теңгеге 150 жоба қаржыландырылды. Ауылдық аймақтардың жағдайын жақсарту мақсатында, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында өңірімізде агробизнес өкілдері тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыстың барлық ауылдарында жаңа өнідіріс, сауда нысандарын ашу бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде.
Мұндай республикалық семинар биыл алғаш рет ұйымдастырылды. Бұл ауыл әкімдері мен сала мамандарына тәжірибе алмасу алаңы болмақ.