Елорданың «102» желісіне күніне 3 мыңға жуық қоңырау түседі. Қызметкерлер бір мезетте полицей мен психологтің жұмысын қатар атқарып, тұрғындарға тәулік бойы көмек көрсетеді. Ал бейнебақылау инспекторлары қаланы түгелдей қамтып отырған камералар арқылы қоғамдық тәртіпті үздіксіз бақылайды. Ел қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған жедел басқару орталығының қиындық пен қызыққа толы қызметімен Мөлдір Жақан таныстырады.
МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:
Көршіңіз шулап, маза бермейді немесе затыңызды ұрлатып алдыңыз делік. Сала берді бұдан да ауыр құқық бұзушылыққа тап болып жатсаңыз, ең әуелі не істейсіз? Дұрыс, 102 батырмасын басып, полицияға қоңырау шаласыз. Тұрғындардан соңғы рет қашан және не үшін тәртіп сақшыларына жүгінгенін сұрап көрейікші.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Кешқұрым көшеде бұзақылар зәбір көрсетіп жатады. Сол себепті полицияға жиі хабарласатынмын. Әдетте тәртіп сақшылары көп күттірмейді.
- Бір рет бізде мошенничество боды. Сол кезде хабарласқанбыз. Бірден келіп, тіркеп барлығын, көмек берді.
- Дүкенімізге ұры түсті. «102»-ге қоңырау шалып едім, 6-7 минутта жедел әрекет ету тобы келді.
МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:
Иә, күнделікті өмірде полицияға шағымданудың себептері көп. Ал “102”-ге хабарласқан соң, сан алуан арызыңызды тыңдайтын, тұтқаның әр жағында отырған операторлардың жұмысы туралы бір сәт ойланып көрдіңіз бе? Ондай адам кемде-кем сияқты. Ендеше Астана қаласы жедел басқару орталығының жұмысы қалай ұйымдастырылатынын бірге көрейік.
Жеделдік. /шум/ Қырағылық. /шум/ Төзімділік. Мұндағы қызметкерлерге тән басты қасиеттер - осы. Алып шаһар алақандағыдай көрінетін жедел басқару орталығында бір ауысым кезінде 30-ға жуық полицей жұмыс істейді. «102» тұтқасына тыным жоқ. Операторларға жол апаты не отбасылық жанжалға тап болғандар көптеп хабарласады. Қылмыс, әсіресе, түнгі уақытта көбейеді. Қым-қуыт жұмысқа әбден үйренгендерін айтады.
ҚЫРМЫЗЫ ОРАЗХАН, «102» ОПЕРАТОРЫ:
Кәмелетке толмаған балалар хабарласқан жағдайда, өзінің мекен-жайын білмеген жағдайда біз сұраймыз қасында қандай здание, қай жерде орналасқан, дүкендер бар ма, базар бар ма, сол бойынша ориентир ұстап, полиция қызметкерлерін жібереміз. Линиядағы адамдардың даусына да маңыз береміз. Күтпеген жағдайлар өте көп.
МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:
Мегаполисте түрлі оқыс оқиғалардың жиі болатыны жасырын емес. Жедел басқару орталығының бейне-бақылау инспекторлары олардың әрқайсын қалт жібермеуге тырысады. Мұндағы қызметкерлер қаланың қыр-сырын жақсы біледі. Тіпті, камералар қай қиылыста бар-жоғын бес саусағындай жаттап алған.
Қазір қала бойынша 36 мың камера орнатылған. Оның алты жарым мыңнан астамы білім ошақтарының қауіпсіздгін қамтамасыз етеді.
ОЛЖАС КӨПЖАСАРОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЖБО АҒА-ИНСПЕКТОРЫ:
ЖБО қызметкерлері полиция кешендерін оқиға орнына жібере отырып, қадағалайды. Уақытылы жетуіне, уақытылы отработкасын жасап, уақытылы бізге ақпарат беруін біз бақылап отырамыз. Бізде кезекші инспектор навигатор бар, ол gps арқылы қай жерде қай бағытта келе жатқанын, бүкіл полиция кешендерін қарап отырамыз.
Жыл басынан бері "102" желісіне 903 мыңнан астам қоңырау келіп түсті. Қылмысты ашу көрсеткіші - 62%. Өкінішке қарай, кейде қызық үшін хабарласып, желіні босатпайтын тұрғындар да бар. Полицейлер уақытты құр босқа ұрламауды сұрайды. Өйткені бұл салада әр секунд – маңызды.