Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

«Қозылардың үнсіздігі». Бірыңғай зейнетақы қорының 71,3 млрд теңгесі қайта ма?

AstanaTV
20.05.2017ж. 20:00
1865
«Қозылардың үнсіздігі». Бірыңғай зейнетақы қорының 71,3 млрд теңгесі қайта ма?

«Қозылардың үнсіздігі» деген фильм бар еді ғой, Томас Харристің романы бойынша түсірілген. Естеріңізде болар, атақты Энтони Хопкинс ойнайды. Жап-жас Джоди Фостер. «Қозылардың үнсіздігі» «Оскардың» ең басты 5 аталымы бойынша сыйлық алған аз фильмнің бірі. Триллер болса да. Адамның ми қатпарларының түпсіз космос екені жайлы, кішкене әсірелесек, «қой терісін жамылған қасқыр» туралы фильм. Осы аптада еске сол, «Қозылардың үнсіздігі» фильмі түсті...

Даму және инвестициялар жөніндегі бұрынғы вице-министр Рақым Ошақбаев, Facebook –гі парақшасында Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорынан 71,3 млрд теңгенің Әзірбайжанның Халықаралық банкіне салынғанын, ал банктің валюталық міндеттемелерін орындауды тоқтатқанын жазғаннан кейін. Қарапайым айтқанда, БЖЗҚ-ның қомақты қаржысы шығыны миллиард доллардан асып, кредиторларға 2,3 млрд доллар төлем жасай алмай отырған Әзербайжан халықаралық банкіне салынған. Тіпті банктің банкротқа ұшыраудың алдында тұрғаны туралы ақпараттар тарады. Ал Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қоры да, ол қарайтын Ұлттық банк те үнсіз. ...Үнсіздігі үнсіздік қашан туатыны туралы ойға жетелейді.

Айдар Әлібаев, қаржыгер:

Бұл ақшаға байланысты жағдайдың күрделі екенін біздің Ұлттық банктің үндемей отырғаны да дәлелдейді. Бұл олардың айтатыны жоқ екенін көрсетсе керек. Сіздер қазақстандық шенеуніктің психологиясын білесіздер, айтатыны болса, олар 10 рет айғайлап үлгеретін еді. Тіпті түнде де. Бұл жағдайды әбден тергеу керек. Салмақты органдар тарапынан. Жай қалдыру, жұртқа түкірумен бірдей. Ақша елдікі, ал оны жауапкершіліксіз шашып отыр... Парламент Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорынан соңғы 3 жылдағы портфельді ашуды талап етуі керек. Аудитті билікшіл қаржыгерлер емес, тәуелсіз сарапшылар жүргізуі қажет. Мен тағы да «миналар» табылатынына титтей де күмәнданбаймын. 

Әзірбайжан Халықаралық Банкі 1992 жылы құрылған, Әзірбайжанның ірі банкі. Қаржы институты 11-мамырда сыртқы қарыздар бойынша төлемдер жасауды тоқтатынын, инвесторларға қарыздарының бір бөлігін Әзірбайжанның дербес облигацияларына айырбастауды ұсынатынын мәлімдеді.

Интерфакс-Әзірбайжан агенттігі банктің Нью-Йорк сотына өзін банкрот деп жариялау туралы арыз түсіргенін хабарлады. Банк төрағасы Халид Ахадов «қарыздарды қайта құрылымдайтындарын» айтып отыр. Біздің тілшілерімізге сұхбат берген экономист Айдархан Құсайынов та барынша сабырлы кейіппен «қарыздарды қайта құрылымдау» деп «өрнектелген» тіркесті қолданып, тіпті күлімсірейді. Ол ҰБ төрағасының кеңесшісі. Бірақ пікірін «дербес экономистің комментарийі» деп қабылдауды айтты.

Айдархан Құсайынов, экономист: 

Қаржы ол банкте депозит түрінде жатыр. Сыртқы қарыз емес. Бұл өте маңызды. Рейтингтік агенттіктер мен банк төрағасы қайта құрылымдау туралы жоспарға сәйкес, салымдар қозғалмайтынын айтты. Қайталап айтам, БЖЗҚ кредитор емес, салымшы. Сондықтан ақша жоғалған жоқ. Бәрі дұрыс. Бәрі жақсы болады. Жалпы, Әзірбайжан халықаралық банкі банкротқа ұшырамайды, жабылмайды, ол жұмысын жалғастырады. Әңгіме қайта құрылымдау туралы. Бұл техникалық элемент.

Алайда. Әзірбайжан мұнайға тәуелді ел, валютасы - манат әлсіз. Осындай және басқа да айтпаса да, белгілі детальдар қомақты қаржыны қайтаратындай мемлекет еместігіне дәлел. Тәуелсіз сарапшылар осылай дейді. Енді мәселенің ең маңызды тұсы. 70 млрд-тан астам қомақты қаражат неге сондай мемлекеттің банкіне салынды? Ол шешімді кім шығарған, неге сүйеніп шығарған? Жұрттың тірнектеп жинап отырған ақшасы осылай шашыла бере ме? Ешкім жауап бермейді ме?

Айдархан Құсайынов, экономист:

2014 жылы неге ондай шешім қабылданды, мен түсініктеме бере алмаймын. Ол кезде басқа адамдар болды. Ал сарапшы ретінде «біртүрлі, қызық» инвестиция деп есептеймін. Салынған ақша өте қомақты. Таңғаласың...

БЗЖҚ төрайымы Нұрбүбі Наурызбаева арада 5 күн өткенде - бейсенбіде «бірнәрсе» деді. Онда да «Tengrinews» порталының интернет-конференциясында. Онда да «Қордың зейнетақы активтерін инвестициялық жағынан басқару Ұлттық банктің құзыретінде. БЗЖҚ басшылары ондай шешімдер қабылдауға қатыспайды» деген жауап.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов болса, өзі басқаратын министрліктің шешім қабылдауға қатысы барын жоққа шығармағанымен, «кейінірек баяндаймын» деп сырғытты. Әйтсе де «бұл менеджменттің де жауапкершілігі» дегенді айтты. 

Парламенттегі «Ақ жол» фракциясы тәуекелі көп банкке миллиардтаған қаржы құйған тұлғаларды жауапкершілікке тартуға шақырды. А.Перуашев, осыдан шамалы-ақ уақыт бұрын БЗЖҚ 3 млрд теңгесі салынған «Казинвестбанктің» лицензиясынан айырылғанын, сондай-ақ, қор басшыларының 5 млрд теңгенің күдік туғызатын бағалы қағаздар алып, ұсталғанын еске салды.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Ақ жол» фракциясының жетекшісі:

2014 жылы Халық банкі Әзірбайжан банкінен «шығып» кеткен. Ал БЖЗҚ керісінше, оған 70 млрд теңгеден астам қомақты қаржы салған. Қордың басшылығы неге олай істеген, кәсіби білігі төмен болған ба, әлде басқа ма?

БЗЖҚ активтері: 2016 жылғы есеп бойынша В - рейтингісі төмен банктерде 161 млрд теңге, ВВ- рейтингісі жоғары банктерде 79 млрд теңге сақталады екен. Ешқандай рейтингісі жоқ бағалы қағаздарда 61 млрд теңге, ААА - ең жоғары рейтингісі барларында 983 млн ғана сақталады. Бұл есепті де келтірген сол депутат. Шынымен де «біртүрлі, қызық» операциялар...  Өткен айда  Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жанынан құрылған қоғамдық кеңестен бірнеше эксперт, оның ішінде бүгінгі басты тақырыптың авторы - Рақым Ошақбаев, белгілі саясаттанушы Досым Сәтпаев кетіп қалғаны мәлім. Қор жанындағы қоғамдық кеңесті басқарған Д.Сәтпаев, мемлекеттік органдардың тиісті сауалдарға жауап беруден қашатынын айтқан-ды. Қордың жұмысына қатысты жариялылықтың жоқтығы мен зейнетақы жүйесін басқарудағы тиімсіз реформалар оны кетуге мәжбүрлеген. Айтпақшы олар соның алдында «Зейнетақы қоры: шкафтарда скелеттер бар ма?» деген тақырыпта пікірталас ұйымдастырған еді.

Досым Сәтбаев, саясаттанушы:

Осы күнге дейін мемлекеттік бағдарламалар аясында зейнетақы жинақтарының қайда жұмсалып жатқаны туралы Үкімет есебін көрген емеспіз. Біз жинақтан бөлінген қаржының жұмсалып кеткенін білеміз, онда да шартты түрде 20-30 млрд. теңге мына бағытқа бөлінді, деп естиміз. Бірақ қандай шартпен берілді? Одан салымшылар қандай пайда көреді, мемлекетке пайда бар ма? Бұл туралы ешкім жақ ашпайды. Егер біз Үкіметтен немесе осыған жауапты салалық министрліктерден аталған сұрақтарға нақты жауап алмасақ, мұндай қоғамдық кеңестің не қажеті бар?! 

Сол кезде біз тақырыпқа арналған материалды қорытындылай келе «депутат Никитинская қордың активтері тиімді жұмсалуы үшін басшыларының персоналды және материалдық жауапкершілігін енгізу керек деп санайды. Сонымен бірге зейнетақы қоры, қызметі туралы халық үшін ұғынықты форматта мағлұмат беруі керектігін еске салды. Д.Сәтпаевтың айтып отырғанымен үндесетін талап. Ал Сәтпаев осы мәселе бойынша күдерін үзді, - дегенбіз. Зейнетақы қорының шкафындағы скелеттер құлап жатыр...