Бала күнімде жаздыгүні үйдің алдынан киіз үй тігілетін. Содан қараша түскенше тұрады. Сонда ас ішіп, сонда ұйықтайтынбыз. Үйдің әдемілігіне сөзім жетпейді. Керегені айналдыра орайтын шиінен бастап, неше түрлі ою салып тоқылған басқұрлары, салпыншақты арқан баулары ... сұлу дүние! Жалпы киіз үйді тігетін күні көңіліміз алабұртып жүретін, себебі оны тігу процесі кәдімгідей салтанат етін. Орнын тегістеп, ақ құм себу, керегесін керіп, шаңырағын көтеру, уықтарды шаншу... Ақ киіздерді жабу... Оюларды санап, атымыз жазылған басқұрларды тамашалап, жанарымызды шаңырақтан тура көкке қадап!.. Маған ауылдардағы бүкіл қазақ баласы солай тіршілік қылатындай көрінетін. Сөйтсем... Балалық шағымның киіз үйде өткеніне бек ырзамын. Менің дүниетанымым шаңырақ формасында қалыптасқан.
Ал елімізде киіз үй соғатын ұсталар қалмай бара жатқанын білесіз бе? Символдың бірі – шаңырақ. Шаңырақты сырттан әкелсек, одан ...сәуле түсе ме? Рух жағынан жаңғырамыз деп отырмыз. Шаңыраққа қарауды ұмытпайық.
Киіз үй сән-салтанаты, тұрмыстағы қолданысына қарай бірнеше түрге бөлінеді. Қара үй, қоңыр үй, боз үй, ақ үй, ақ орда, ақ шаңқан, алтын үзік, алтын орда деп аталады. 30 қанатқа дейін тігілетін мұндай үйлер ұлтымыздың бітім-болмысымен біте қайнасып жатты. Осындай қараша үйлерде ұлттың маңдайына біткен біртуарлары туып, өскен. Беріден қайырсақ, Алаштың ардақты азаматтары Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Қаныш Сәтбаевтар киіз үйде туған.
Қазақы қаймағы бұзылмаған Қызылордада тұратын 64 жастағы Роза Әлібатырова аймаққа аты тараған шебер. Арғы аталарынан бастап ұсталықты кәсіп еткен ананың ұрпақтары да киіз үй жасаумен айналысады. Мына қараша үй Роза апаның құрдасы. Сүйегі мықты болғандықтан әлі күнге дейін қимай, пайдаланады.
Роза Әлібатырова қолөнер шебері:
Сырдария бойында өсетін ешкі тал деген ағаш бар. Өте мықты ағаш. Киіз үй жасауға содан алады. Бұның бәрі есеп қой былайынша қарағанда. Шағын үйдің өзі алты қанаттан құралады. Ол алты қанатта қанша көз бар. Соның бәрін есептеп, соның бәрін ретке келтіру үшін екі жыл, үш жыл кетеді-ау.
Кеңес үкіметінде мал шаруашылығы дәуірлеп тұрғанда киіз үйге деген сұраныс жылына 20 мыңнан асып кеткен. Тіпті оның өндірісін КСРО орман және ағаш өңдеу өнеркәсібі министрлігі тікелей қолдап отырған. Талдықорғанда «Үштөбе» киіз үй шығару комбинаты құрылып, иен даладағы малшылардың уақытша баспаналары сол кәсіпорыннан шыққан өніммен ылғи жаңартылып отырған.
Досымбек Қатыранұлы, этнолог-ғалым:
Шаруашылықтың тас талқаны шыққан соң киіз үй де қолданыстан шыға бастады. Көшпелі мал шаруашылығынан отырықшы мал шаруашылғына көштік. Мәнін жоғалтты, қазақтың жөн жоралғысын, салт-санасын көрсететін салтанатынан айырылды. Фанерадан, қаттама ағаштан жасалды.
Киіз үйдің киесі бар деп айтамыз, ал иесі қайда?! Тура осы сұрақты біз этнолог ғалымдарға қойдық. Күллі қазақтың қонысы болған қараша үй кеңес дәуірінде малшылардың ғана уақытша тұрағы деңгейіне түскені рас. Ал тәуелсіздік алған соң, ас беріп, ат шаптырғанда немесе көктемдегі Наурыз мейрамы кезінде ғана іздейтін атрибутқа айналғанын жасырмаймыз.
Алматыда тоқсаныншы жылдардың
басында қазақтың рухани әлемінде үлкен сілкініс тудырған «Шеберлер ауылы» құрылды. Сол кезде Заманбек
Нұқаділов отызға жуық шеберге «Алмарасан» шатқалындағы әсем табиғаттың аясынан
арнайы ғимараттар салғызған. Аманжол киіз үйдің сүйегін жасайтын шеберлердің
бірі.
Аманжол Құтантегі, шебер:
Бұл қазақ өнері бітпейтін тұңғиық екен. Біз жылына бір рет Наурызда халықтың алдында төбемізді көрсетеміз, әкімшілік шақырған соң. Сіздер іздеп келіп, таныстырмасаңыздар бізді ешкім білмейді. Мен 10 минут емес,10 сағат бөлуге дайынмын.
Сырты мүжіліп, сүреңсіз күйге түскен ғимараттар қалқиып тұрғанымен, бұрынғыдай қайнаған тіршілік байқалмайды. Ұста киіз үйдің қаңқасын жасауға жылына бір-екі тапсырыс алатынын айтады. Негізінен мейрамханалар үшін ағаштан ыдыс-аяқ, ішкі әрлеу жұмыстары мен қабырғаға ілетін қамшы, шоқпар, айыл-тұрман жасап береді.
Аманжол Құтантегі, шебер:
Қазір қазақ үйдің ішіне ешкімді тартып кіргізе алмайсың. Алтын шашсаң да,
шашу шашсаң да. Тек ол ас ішетін, шайхана- ресторан болса. Оның өкінішті
ештеңесі жоқ. Сөйтіп қана таныстыруды бастау керек. Әйтпесе төрт бұрышты
бөлмеде көміліп отырған, қазақ үйдің не екенін білмейтін қазақтар көп қой.
Киіз үйді заманауи мақсатта пайдаланып, шебер
айтқандай, келушілерге ас-суын дайындап, қызығушылық тудырған кәсіпкердің бірі
- Райгүл Құрбанбаева. Жоба иесі ұлттық тағамдар мен қазақтың рухын мереке
күндерінен тыс іздеп келетіндер баршылық, сапалы қызмет көрсетіп, жайлы жағдай
жасау арқылы пайда табамыз, дейді.
Райгүл Құрбанбаева, кәсіпкер:
Қыстың күні де адамдар кіре алатындай етіп, адамдар кіре алатындай замануи етіп осы қазақ үйді кеңейттік. Ою, кереге, терезе салып, келген адам демалып кететіндей етіп салдық.
Киіз үй көптің қолы жете
бермейтін құнды дүние екені рас. Ғаламтордан қарасақ, он екі қанатты және он
алты қанатты үйлердің құны 1,5 млн - 2,5 млн теңге.
Бірақ Қытайда сүйегі темірден
дәнекерленіп жасалатын үйлердің 200-300 мың тұратыны ақылға сыймайтын
сияқты.
Керегесі кең, уығы берік, шаңырағы мықты киіз үйлер
ағаштан оның ішінде қайыңнан, көпшілігі талдан жасалады. Бұл ағаштар әрі берік,
әрі құрт түспейді, басқалардай морт сынбайды. Аманжол шебер қазіргі
әріптестерінің қолынан шыққан киіз үйлердің сапасын жоғары бағалай алмайтынын
айтады. Себеп олақтықта емес, шикізаттың жоқтығында көрінеді.
Аманжол Құтантегі, шебер:
Соңғы 7-8 жылда ұсыныс болып жатыр. Бірақ өткен замандағылардай жасай алмай жатырмыз. Мысалы, сол кездегі тал-теректер қазір өспейді де. Қазір заманғы ағашты алып шығамыз, бірақ бұрынғыдай емес. Қазір алаңдатып, тапсырыс берушілер де тез-тез дейді. Ал ұсталар бір қазақ үйге кем дегенде 6 ай жұмсаған.
Киіз үйді ұлттық код деп айтуға толық негіз бар, дейді этнограф ғалымдар. Бір ғана киіз үйді алсақ, оның ішінде бір халықтың тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі, әдеп-ибасы тұнып тұр.
Досымбек Қатыранұлы, этнолог-ғалым:
Киіз үйдің төрі мен босағасы, ондағы тіршілікке байланысты ережелер – осының бәрін білген адам өткеніне үңіліп, тамырына тереңдейді.
Ришат Асқарбекұлы, тілші:
Әр қазақ «өз үйім- өлең төсегім» деп, баспанасын ханның салтанатты сарайынан артық құрметтеген. Киіз үй кез-келген қонақ, мейлі ол хан болсын, қара болсын иіліп кіретіндей есігі аласа қойылуының өз мәні бар. Мұнда бүкіл бір ұлттың болмысы, рухы мен мәдениеті сайрап жатыр. Сондықтан қазақ киіз үйін жоғалтса, оны тарихи тамырдың шіри бастағанымен тең деуге болады.
Ришат Асқарбекұлы, «Біздің уақыт».