Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Үй тапсырмасы азаймақ. Әдеттегідей, әйтсе де...

AstanaTV
20.05.2017ж. 20:00
1992
Үй тапсырмасы азаймақ. Әдеттегідей, әйтсе де...

 Үй тапсырмасының көптігі және оны оқушы емес, ата-аналар орындайтыны, айналып келгенде өзімізді өзіміз алдап жүргенімізді талай айттық. Білім  және ғылым министрлігі оқушылардың жартысы тапсырмаларды орындауды қойғанын мойындады. Себебі орындай алмайды. Министрлік үй      тапсырмаларының үштен бірін қысқарту туралы  методика әзірлепті.

  Кестеге салсақ, 1-сынып оқушыларына тапсырма бермеу;

2- сынып оқушыларына 50 минут;

3-4 - сынып оқушыларына 70 минут;

5-6 –сынып оқушыларына 90 минут;

7-9 – сынып оқушыларына 110 минут;

10-11 –сынып оқушыларына 130 минут;

Сонымен бірге мереке күндері және демалыс уақытында тапсырма бермеу. Бұл әдістеме бекітілген, келесі оқу жылынан қолданылады. Негізі дұрыс қадам. Баға үшін жаттап алу, қорыққаннан оқу немесе ата-ана орындап беретін тапсырманың қандай мағынасы бар? Екіншіден, спортпен, музыкамен шұғылданған баланың смартфон-планшеттің «батпағына» батпайтынын бәрі біледі. 2000 жылдардан бері Финляндиядағы білім жүйесі мақталады. «Фин ғажайыбы» деп. «Азаттықтың» жазуынша, ол кезде экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы әр үш жыл сайын 15 жастағы оқушылар арасында халықаралық зерттеулер бастаған. Білім беру сапасы мониторингі төрт бағытта – кітап оқу, математика, жаратылыстану және компьютерлік сауаттылық пәндері бойынша жүргізілген. Осы зерттеулердің әрқайсысынан Финляндия оқушылары алғашқы орындардың бірін алады, бірақ оқушылардың мектепте өткізетін сағат саны жағынан ең соңғы орындардың бірінде тұр. Финляндияның білім беру жүйесі балалар сабақты рахаттанып оқитындай етіп ұйымдастырылған, сондықтан мектептегі сабақ ауыр емес, үй тапсырмасын да көп бермейді.  

Дұрысы -  балаларға білім алуда бірдей мүмкіндік бере отырып, бажайлап қарау. Егер бала алғыр болса, ондай балаға одан әрі терең білім беру. Ал басқалай жағдайда неге икемі барын бажайлап, соған сәйкес бағыттау. Бірақ біздің «мектепте мынша бала үздік оқиды» деген өтірік - есепке етіміз үйренген, ал бағаларының көбісі өтірік баланың өмірден өз орнын таба алмай, тіпті адасып кетуі ойландырмайды да. Фин мұғалімдерінің пікірінше, білім берудің мақсаты - балаларға тесттегі жауаптардың дұрыс нұсқаларын белгілеуді үйрету емес, баланы сыни тұрғыдан ойлауға және өздігінен шешім қабылдауға қабілетті тұлғаға айналдыру болуы тиіс. Айырмашылық қайда жатыр?..