Ақмола облысында жоғалған банк карталары арқылы жасалған ұрлық анықталды, күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды Zakon.kz.
7 желтоқсан күні Көкшетау қаласының полиция басқармасына жергілікті тұрғын шағымданып, өзінің жоғалған банк картасымен белгісіз тұлғалардың дүкенде 30 мың теңге көлемінде төлем жасағанын хабарлады. Сол күні ұқсас өтініш тағы бір қала тұрғынынан келіп түсті. Оның да картасымен сауда нысандарының бірінде түрлі сатып алулар төленген.
Полицейлердің жедел іс-қимылының арқасында рұқсатсыз транзакция жасаған тұлғалар анықталды. Қазіргі таңда екі факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
"Егер сіз банк картаңызды жоғалтып алсаңыз, оны дереу банкке хабарлап, рұқсатсыз пайдаланудың алдын алу үшін картаны бұғаттауды ұмытпаңыз. Қауіпсіздік шаралары – өз қаржылық қауіпсіздігіңіздің кепілі", - деп ескертті полиция.