Оңтүстік Корея парламенті президент Юн Сок Ёльге импичмент жариялады. Бұл туралы Yonhap агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«204 депутаттың қолдауымен президент Юн Сок Ёль қызметінен шеттетілді. Парламенттегі оппозицияның билік партиясының кейбір депутаттарын өз жағына тарту арқылы импичментке қол жеткізгені белгілі болды. Президентке қатысты мемлекеттік сатқындық және бүлік жасау айыптары бойынша тергеу басталды», — деп жазылған ақпаратта.
Ұлттық ассамблея елде төтенше жағдай жариялау әрекетінен кейін екінші рет дауыс берді. Бұл жолы 300 депутаттың 204-і импичментті қолдады, 85-і қарсы дауыс берсе, үш депутат қалыс қалды, ал сегіз дауыс жарамсыз деп танылды. Шешім қабылдануы үшін кемінде 200 дауыс қажет болды.
Импичмент бастамашысы болған алты оппозициялық партияның 192 мандаты болғандықтан, олар кемінде сегіз билік партиясының депутатын қолдауға тартуы тиіс еді. Бірінші дауыс беру кезінде билік партиясы президент кешірім сұраған соң импичментті қолдаудан бас тартқан болатын. Алайда, екінші дауыс беруде оппозиция билік партиясының кейбір мүшелерінің қолдауына ие болып, қажетті көпшілік дауыс жинады.