Қазақстанда микроқаржы омбудсман институты енгізіледі. Оның функциялары жайлы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2024 жылдың 17 желтоқсанында мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Микроқаржы омбудсман институты 2024 жылдың 21 желтоқсанынан бастап жұмысын бастайды.
"Оның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету және дауларды сотқа дейін реттеуге көмектесу. Микроқаржы омбудсманы Қазақстандықтардың микрокредиттерге байланысты дауларын, оның ішінде мерзімі өткен берешекті реттеу мәселелерін және коллекторлық агенттіктермен дауларды қарайтын болады",- деп хабарлады ведомство.
Омбудсманның көмегіне микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) клиенттері – жеке тұлғалар ғана жүгіне алады. Оның қызметтері тегін. Ол сотқа жүгінбестен жанжалдарды шешуге ықпал ететін тәуелсіз төреші ретінде әрекет етеді.