Қызылорда облысында құрылыс қарқынды жүруде. Аймақта әлеуметтік нысандар көптеп салынып жатыр. Тәуелсіздік мерекесіне орай Шиелі және Жаңақорған аудандарында жаңа нысандар халық игілігіне табысталды.
Шиелі ауданының Тартоғай және Алмалы ауылдарында жаңа дәрігерлік амбулаторияның лентасы қиылды. Бұған дейін ауыл тұрғындары ескі ғимаратта ем алып келген. Заман талабына сай емдеу мекесінің салынғанына көпшілік дән риза.
ҚАДИША АЙТМАМБЕТОВА, ТАРТОҒАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Біздің ауыл өзі кішкентай ғана ауыл. Бірақ мынандай кереметке біз қуанып жатырмыз. Қазіргі Президентіміздің барлығында айтып жатыр ғой ауылды, медицинаны, білімді, басқа да саланы көтеруді. Соның бір нәтижесі ғой мынау.
Аймақта «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту ұлттық жобасы жүйелі іске асуда. Соның аясында барлық ауданда 27 медициналық нысан салу жоспарланған. Өткен жылы 15, биыл 9 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет пайдалануға берілген. Жаңақорған ауданының Төменарық ауылында дәрігерлік амбулаториясымен қоса 15 төсек-орынға арналған аурухана ашылды.
ОЛЖАС ЫСҚАҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Жылдың соңына дейін 11 медициналық нысанды іске қосамыз. Ол 9-ы дәрігерлік амбулатория болса, 2-еуі фельдшерлік-акушерлік бекет. Ұлттық жоба аясында салынып жатқан нысандар толық біткеннен кейін біздің өңірімізде дәрігерлік амбулаторияға деген елді-мекендегі қажеттілік толық жойылады.
200 орындық «Оқушылар сарайы» мен 50 орындық «Өнер мектебі» де есігін айқара ашты. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі көпшілікті құттықтады.
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:
Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай «7 түрлі ілімді білетін ұрпақты тәрбиелеу біздің басты міндетіміз» дегендей бұл біздің балаларымыздың, еліміздің болашағы балаларымыз үшін жасалған Мемлекет басшысының, Үкіметтің қамқорлығы. Балаларымыз осы жерде бұрынғыдан да білімдерін жетілдірумен айналысуға үлкен мүмкіндік алатын болады.
Облыста білім саласының бюджеті 264 млрд теңгеге жеткен. Соның негізінде салада ауқымды жобалар жүзеге асыруда.