$524.66 €550.21 ₽5.09
×

«Қарызсыз қоғам»: Алматы облысында 5 банктен қарыз алған көпбалалы әкенің қарызы кешірілуі мүмкін

AstanaTV
17.12.2024ж. 23:58
128
«Қарызсыз қоғам»: Алматы облысында 5 банктен қарыз алған көпбалалы әкенің қарызы кешірілуі мүмкін

Биыл «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында Алматы облысында 9 881 адам қаржылық сауаттылық курстарынан өтті. Жобаға қатысқандардың басым бөлігі ауыл тұрғындары, сондай-ақ кредит мәселесін шешуге, бюджетін дұрыс басқаруға ниетті азаматтар, деп хабарлайды «AMANAT» партияның баспасөз қызметі.

Жобаға қатысқан 7 258 адамның, яғни 73%-ының кредиті бар екені анықталды. Біреуде бір кредит болса, енді біреулердің бірнеше қарызы жиналып қалған. Одан бөлек, 500-ге жуық азаматтың қарызы 90 күннен асып, төлем мерзімі өтіп кеткен.

Жоба мамандары осы азаматтарға көмектесіп, қарызды қайта құрылымдауға, ыңғайлы төлем кестесін жасауға жол ашты. Қарызын жапқан адамдардың өмірінде оң өзгерістер болып жатыр. Мәселен, Қарасай ауданына қарасты Жамбыл ауылында қаржылық сауаттылықты арттыру курсының нәтижесінде Лаура Салимбаева отбасылық бизнес ашып, тұрақты табысқа қол жеткізді.

Ол партия филиалындағы бес күндік курста «Қарызсыз қоғам» жобасының қаржы сарапшылары қайтарымсыз грант алу жолдарын түсіндіріп, қажетті құжаттарды дайындауға көмектескен. Жолдасы екеуі грантты ұтып алып, матрас тігетін станок сатып алды. Кәсіп басталған соң олар қаржылық сауаттылық дағдыларын қолдана отырып, табыстың 10-15%-ын ай сайын депозитке сала бастаған.

«Бізге жобада тек грант алу емес, қаржыны дұрыс басқару жолдарын да үйретті. Табысты жинақтап, депозиттің арқасында жақында қаптайтын станок сатып алдық. Қазір бұл шағын цех біздің негізгі табыс көзімізге айналды. Сапалы ортопедиялық матрастар тігіп, тапсырыс көлемін күн сайын арттырып отыр. Бұрын қарыздан шыға алмай жүрсек, қазір қаржы жинауды үйрендік. Жобаның пайдасы біз үшін өте зор.», – дейді Лаура Салимбаева.

Тағы бір мысал – қаржылық тығырықтан шыққан көпбалалы әке. Жамбыл ауданының тұрғыны бірнеше жыл бұрын бес банктен және микроқаржы ұйымдарынан несие алып, қаржылық қиындықтарға тап болған. Денсаулығы сыр беріп, қарыздарын төлей алмағандықтан, барлық банк шоттарына арест салынып, ресми жұмысқа орналасу мүмкіндігінен айырылған.

«Біздің жоба аясында азаматтың төрт қарызы бойынша атқарушылық жазбалар жойылып, шоттардағы арест алынды. Бұл оған ыңғайлы төлем кестесін жасауға мүмкіндік берді. Ал бесінші қарызы бойынша мәселе күрделірек. Біз сотқа жүгіндік, бірақ шешім оң болмады. Дегенмен, біздің заңгерлер оған банкроттық рәсімін бастауға көмектесті. Қазір ол тексеру кезеңінен өтіп жатыр және қаңтар айында оң шешім шықса, екі миллион теңге көлеміндегі қарызы толықтай жойылады», – дейді Алматы облысы бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Айгүл Жайлыбаева.

Сондай-ақ Іле ауданындағы қаржы сарапшылары алты несие бойынша қаржылық қиындыққа тап болған әскери қызметкерге көмектесті. Оның ең ұзақ төленбеген қарызы жарты жылға дейін жеткен. Жоба мамандары алдымен екі шағын қарызды жедел жабуды ұсынып, бұл шешім бірден орындалды. Қалған төрт қарыз бойынша құжаттар жиналып, банктерге реструктуризация жасау үшін хаттар жолданды.

«Қарызды қайта құрылымдауға екі банк келісім беріп, қарыз алушыға ыңғайлы төлем кестесін ұсынды. Бір банк объективті себептермен өтінішті қабылдамады, ал микроқаржы ұйымынан жауап күтілуде. Екі ай ішінде тыңдаушы алған премиясын тиімді пайдаланып, бір қарызын толық жапты. Қазір әскери қызметкердің төлем кестесі жеңілдеп, қаржылық жағдайы тұрақтала бастаған», – дейді жоба жетекшісі Айгүл Жайлыбаева.

Сонымен қатар, құрылыс саласында 20 жылдық тәжірибесі бар Іле ауданының тұрғыны Әмір Қуандықов өткен жылы Өзбекстаннан көшіп келген. Ол партия филиалы ұйымдастырған «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысып, мемлекеттік 400 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз грант ұтып алды.

Қажетті құрал-жабдықты сатып алған азамат қазір сұйық құрылыс қоспаларын өндіруді бастап, шағын цех ашуға дайындалуда. Қолдаудың арқасында қандас өз кәсібін бастап, отбасылық табыс көзін қалыптастырды.

Айта кетейік, жоба аясында «AMANAT» партиясының қаржы сарапшылары мен заңгерлері өңір тұрғындарына 4 мыңға жуық кеңес өткізді. Көбіне қарызды қайта құрылымдау, банкроттық рәсімдері, мемлекеттік және гранттық бағдарламалар, ипотекалық мүмкіндіктер, алаяқтықтан сақтану жолдары талқыланған.