Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гвинея-Бисау Президенті Умару Сисоку Эмбало жоғары деңгейдегі келіссөздердің қорытындысында бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Сонымен қатар, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Гвинея-Бисау Сыртқы істер, халықаралық қатынастар және қауымдастықтар министрі Карлос Пинто Перейра дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы үкіметаралық келісіммен, саяси және дипломатиялық консультациялар жөніндегі; Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев пен Гвинея-Бисау Сыртқы істер, халықаралық қатынастар және қауымдастықтар министрі Карлос Пинто Перейра ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы өзара ынтымақтастық туралы ведомствоаралық меморандуммен алмасты.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада елімізге ресми сапармен келген Гвинея-Бисау Президенті Умару Сисоку Эмбалоны салтанатпен қарсы алғанын жазған едік.
Кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Гвинея-Бисауды Африка құрлығындағы маңызды серіктес ретінде қарастыратындығын айтты.
Келіссөздер барысында екі елді басшылары Бисау порты мен Транскаспий дәлізін ұштастыру жолдарын зерделеуге келісті.