$522.63 €548.66 ₽5.07
×

Қазақстан мен Гвинея-Бисау мемлекеті арасында визасыз режим орнатылады

18.12.2024ж. 20:00
89
Қазақстан  мен Гвинея-Бисау мемлекеті арасында визасыз режим орнатылады

Қазақстан мен Гвинея-Бисау мемлекеті арасында визасыз режим орнатылады. Бұл туралы бүгін екі ел басшыларының бірлескен мәлімдемесінде айтылды. Бұдан бөлек, Қазақстан дәнді-дақыл экспортын ұсынды. Сондай-ақ, Президент Гвинея-Бисау мемлекетінің жастарын еліміздің жоғары оқу орындарында білім алуға шақырды.

БЕКБОЛАТ САТУОВ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыртуымен Гвинея-Бисау мемлекетінің президенті ресми сапармен бүгін елге келді. Құрметті мейманды күтіп алу салтанаты әдеттегідей ақорда резиденциясында өтті. Екі ел басшылары бір дегеннен-ақ екі ел арасындағы сауда-экономикалық, ынтымақтастық және гуманитарлық байланыстарды нығайту бойынша келіссөз жүргізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сіз Қазақстанға Гвинея-Бисаудың президенті ретінде алғаш рет келіп отырсыз. Бұны тарихи сапар деуге болады. Жоағыр деңгейдегі осы кездесу екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашады деп сенеміз.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі, цифрландыру және көлік-логистика бағыттары бойынша өзара қарым-қатынасын дамытуда әлеуеті зор екеніне тоқталды. Өз кезегінде Гвинея-Бисау мемлекетінің басшысы да өзара ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін жеткізді.

УМАРУ СИСОКУ ЭМБАЛО, ГВИНЕЯ-БИСАУ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас орнатудың мәні зор. Мен бұған дейін еліңізге Премьер-министр ретінде келген едім. Бұрынғы жылдары Гвинея-Бисаудың студенттері Қазақстанда оқыған болатын. Олардың басым бөлігі техникалық мамандық бойынша білім алды. Біз осы бағыттағы ынтымақтастықты жалғастырғымыз келеді. Себебі Қазақстаннан үйренеріміз көп.

Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына былтыр ғана 10 жыл толды. Президенттің айтуынша, бүгінгі тарихи кездесу өзара тиімді серіктестікті одан әрі тереңдетуге негіз болады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Серіктестігімізді одан әрі дамытуға мол мүмкіндік бар. Әсіресе, экономика және сауда-саттық салаларының әлеуеті жоғары. Мен бүгінгі сапарыңызды екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған маңызды қадам деп қарастырамын.

Тараптар Батыс Африкадағы Бисау порты мен Транскаспий көлік дәлізін ұштастыру жолдарын зерделеуге де уағдаласты. Сонымен қатар ауылшаруашылық бойыншатда келіссөз жүргізілді. Қазақстан тарапы Гвинея-Бисауға дәнді дақылды экспорттауға мүмкіндігі зор екенін айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл ретте еліміздің бастамасымен құрылған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының әлеуетін толық пайдалануға болады. Сонымен қатар тау-кен және табиғи ресурстарды игеру ісіндегі ынтымақтастық мәселесін талқыладық. Атап айтқанда, темір, фосфат, боксит және басқа да сирек кездесетін минерал кеніштерін барлау және игеру үшін бірлесе жұмыс істеуге зор мүмкіндік бар.

Кездесу соңында Гвинея-Бисау делегациясын келесі жылы өтетін Астана халықаралық форумына шақырту алды. Тараптар халықаралық мәселелер жөнінде пікір алмасып, ой бөлісті. Қазақстан Президенті қос мемлекеттің көптеген өзекті тақырыптар бойынша ұстанымдары ұқсас екенін мәлімдеді.