Екібастұзда «Самғау» деп аталатын балалар шығармашылық орталығы ашылды. Заманауи кешенде оқушыларға керектінің бәрі бар. Орталықта балалардың шығармашылық қабілетін дамытып, ғылыми жұмыстармен айналысуға және спорттық жағынан өсуіне де мүмкіндік мол. Бұл нысан Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қолға алынған. Ғимараттың ашылу салтанатына қатысқан тілшіміз тарқатады.
«Самғау» балалар шығармашылық орталығын екібастұздықтар асыға күтті. Өйткені, шаһарда балалардың бос уақытын қамтуға арналған бұндай орталықтар өте аз болатын. Өткен жылы Мемлекет басшысының сапары кезінде тұрғындар осы түйткілді көтерген еді. Президент пәрмен беріп, айналдырған 1 жылдың ішінде су жаңа заманауи орталық салынды.
АСАЙЫН БАЙХАНОВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:
Екібастұздың тек 30 пайыз балалар ғана қосымша біліммен қамтылған еді осы ғимараттың ашылу алдында. Дәл осы орталық балалардың қосымша біліммен қамтылған деңгейін 70 пайызға жеткізді. Жалпы бүгінгі күні қарап отырсық 9 мыңға жуық бала қосымша білім алады.
Нұрдан Пазыл – 10-сынып оқушысы. Болашақта ғалым болуды армандайды. Сол үшін қазірден бастап ғылыми жұмыстармен айналысып жүр. Осынау орталық оның өсімдіктерді зерттеп көруіне жол ашқан.
НҰРДАН ПАЗЫЛ, ОҚУШЫ:
Бұл жерде біз өсімдіктердің топырақ пен судан өсуінің артықшылықтарын анықтаймыз. Және оларды салыстыратын боламыз. Қарап тұрғандарыңыздан өсімдік суда өседі. Біз дәндер салып қойдық. Арғы бетте өсіп жатыр. Менің ойымша, бұл балаларға, жастарға өте қызықты болды деп ойлаймын.
Орталықта балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға барлық жағдай жасалынған. Үш қабатты ғимаратта 12 бағыт бойынша оқушылар білім алады. Нысанның 275 орындық концерттік залы да бар. Бұл 16 мыңнан астам оқушының бос уақытын тиімді жұмсауға мүмкіндік берген.
НҰРЛЫБЕК ҚЫСТАУБАЕВ, «KAZ MINERALS BOZSHAKOL» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Балалардың шығармашылығын, шабытын, талантын ашу үшін біздер қолдау керекпіз. Сол үшін KAZ Minerals Тобы үлкен ынтамен қолдады сол проектіні. Жарқын болашақ жарқын балаларға орта болады деп сенеміз.
Заманауи кешенді салуға қазынадан бірде бір тиын бөлінген жоқ. Есесіне өңірдегі екі бірдей ірі кәсіпорын ірілік танытты. Нысан құрылысына 5,3 млрд теңге жұмсалған. Негізгі демеушілердің бірі - KAZ Minerals Тобы.