$504.44 €545.65 ₽5.95
×

Биыл сыртқы сауда айналымы 116,9 млрд долларға жетті

18.12.2024ж. 20:00
328
Биыл сыртқы сауда айналымы 116,9 млрд долларға жетті

Ел экономикасы соңғы 11 айда 4,4 процентке өсті. Бұл -мұнайдан түсетін пайданы қоспағандағы нәтиже. Өңдеу өнеркәсібі, сауда, ауыл шаруашылығы және құрылыс саласынан келген пайда көп. Сыртқы сауда айналымында да жетістік байқалады. Көрсеткіш - 116,9 млрд доллардан асқан. Жылдың басында қойылған жоспар орындалды ма? Толығырақ Аружан Задабек айтады. 

Экономикадағы пайданың 70 проценті шикізаттық емес секторды дамыту есебінен түскен. Әсіресе ауыл шаруашылығынан келген пайда көп. Пайызбен айтсақ, 13,4%. Бұл -соңғы 13 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Құрылыс, сауда, көлік қызметі мен өңдеу өнеркәсібінде де жетістік байқалады.

Ал, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3,1%-ға артып, 15,8 трлн теңгеге жетті. Сыртқы сауда айналымы 116,9 млрд доллардан асқан. Экспорт 5,1% өсті. Қазақстандық тауарлар, әсіресе, Қытай мен Түркияға жіберіледі. Еуропа нарығынан да сұраныс артқан.

ЕЛНҰР БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Соңғы 3 жыл болды экономикамыз кемі 5 пайызға өсіп отыр. Бұл өте жоғары көрсеткіш. Жалақының деңгейі, сонымен қатар ең төменгі жалақының деңгейі 2 есеге өсті. Одан қалса, қазіргі таңдағы қаржы мәселесіне экономикалық-әлеуметтік мәселелерге байланысты әртүрлі ұсыныстар, өзгерістер жасалып жатыр.

Биыл инфляция төмендеді. Көрсеткіш - 8,4%. Былтыр 10,3% болған. Несиелік рейтинг тұрақталды. Бұл еліміздің халықаралық аренада беделіміздің жоғарылауына мүмкіндік береді. Инвестиция көлемін ұлғайтуға да жол ашылды. Ал мемлекет рейтингі неғұрлым жоғары болса, сыртқы нарықта қарыз алу шарттары соғұрлым жақсы болады.

ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІ ТӨРАҒАСЫ:

Жылдық инфляция 8,4% деңгейінде қалыптасты. Инфляцияның баяулауына азық-түлік тауарларының дезинфляциясы ықпал етуде. Алайда соңғы айда оның 5,4%-ға дейін жылдамдауы тіркелді. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуі аз ғана баяулап, 8%-ды құрады.

Отандық тауарға да сұраныс артқан. Нәтижесінде өндірушілерімен жасалған шарт сомасы 34,4%-ға өсті. Нақты офтейк-келісімшарттар 14 есе көбейген. Демек, пайда - 134 млрд теңге.

Өңірлер бойынша экономикаға ең көп пайда әкелген - Қарағанды, Қызылорда, Павлодар және Түркістан облысы. Астана мен Шымкентте де оң динамика байқалады. Ал, ең төмен нәтижені Атырау, Маңғыстау, Жамбыл мен Батыс Қазақстан, Ақмола және Ұлытау облысы көрсетті.

Экономиканың тұрақталуы халықтың әл-ауқатын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Өңірлердің дамуына бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға жол ашады. Енді осы нәтижені әрі қарай нығайту Үкіметтің басым бағыттарының бірі.