$522.63 €548.66 ₽5.07
×

Германиядағы мектепте «маймыл шешегі» анықталды

AstanaTV
18.12.2024ж. 23:16
75
Германиядағы мектепте «маймыл шешегі» анықталды

Германияның батысында орналасқан Рёсрат қаласындағы арнайы қажеттіліктері бар балаларға арналған мектептен «маймыл шешегі» анықталды. Бұл туралы аталмыш өңір сайтында хабарланды.

Вирустық инфекция Африкаға барып қайтқан отбасының екі бірдей баласынан табылған. Зерттеу сынақтарынан кейін жанұяның өзге үш мүшесі де кеселді жұқтырғаны белгілі болған. Қазіргі таңда өңір әкімшілігі Роберт Кох институтымен бірлесіп, мектептің өзге де оқушылары мен ұстаздарын тексеріп, ауру белгілері бар азаматтарды карантинге жатқызған.

Рёсраттағы арнайы мектептің оқушылары осы аптаның жұмасына дейін қашықтан білім алады. Бұл шешім Денсаулық сақтау басқармасы, мектеп басшылығы және Роберт Кох инситуты мамандарының ортақ кеңесуі нәтижесінде қабылданды. Ауру ары қарай таралмас үшін мектеп ғимараты уақытша жабылды.

Естеріңізге сала кетейік, Африка елдерінен тараған маймыл шешегі осыған дейін өзге де құрлықтардан анықталып, Швеция, Канада, АҚШ, Ұлыбритания, Таиланд сияқты елдерде табылған еді. Жалпы кесел терідегі жаралар, тыныс жолдары және жануарлар арқылы жұғады. Ағзаға өткен жағдайда дене қызуы көтеріліп, бас ауырып, лимфа түйіндері ісінеді. Тері бөртпесі бастан басталып, дененің өзге де бөліктеріне таралады,-деп жазады 24.kz.