Сауда министрлігі тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Серік Құсайынов Қазақстанда сатып алғаннан кейін қандай тауарларды дүкенге кері қайтаруға болмайтынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, заң бойынша, егер зат 14 күн бойы қолданылмаса және жақсы жағдайда болса, кез-келген азық-түліктен басқа тауарды дүкенге қайтаруға болады.
"Қайтарылмайтын тауарлар – ұялы телефондар, дәрі-дәрмектер, медициналық бұйымдар, өсімдіктер, жануарлар, ішкиімдер мен шаршы метрге есептеліп алынған тауарлар", – деді Серік Құсайынов.
Ол егер қоректік затқа жатпаса және сапалы болса, бұл тізімде болмаса да оны қайтаруға болатынын жеткізді. Айтуынша, тек сатып алушының қолында барлық жапсырма, чек пен қаптама болуы маңызды. Тек осы жағдайда ғана ол заңның осы нормасын қолдануға құқылы.
Егер сатушы қайтарылған тауар үшін ақшаны қайтарудан бас тартса, мәселені де шешуге болады. Егер сатушы соңына дейін ақшаны қайтарудан бас тартса, тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің аумақтық департаментінен көмек сұрауға болады.