Жетісу облысында 2024 жылы 36 адамнан эхинококкоз, 45 адамнан бруцеллез ауруы анықталды. Бұл туралы Жетісу облысы ветеринария басқармасы басшысының орынбасары мәлімдеді.
Басқарма өкілдерінің дерегінше, биыл аудан және қала аумақтарынан 15 262 ит пен 31 мысық ауланған. Облыс бойынша 309 қаңғыбас үй жануары «ізгілік жолымен» жойылды.
Иесі бар 400-ден аса ит пен мысық клиникалық бақылауға алынып, олардың 336-сына құтырық және эхинококкоз ауруларының белгілері жоқ деген анықтама берілген.
— 2024 жылы медицина мекемелерінде үй жануарларының тістеп, тырнап алуына қатысты 750 оқиға тіркелді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 407-2-бабының 1-тармағына сәйкес, облыс бойынша 280 адамға 6 656 738 теңге көлемінде айыппұл салынды, — деді Жетісу облысы Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Дархан Әбілбаев.
Жыл басынан бері облыста мынадай аурулар тіркелді:
эхинококкоз — 36 адам;
қышыма — 8 адам;
дерматомикоз — 91 адам;
туберкулез — 24 адам;
дерматофития — 14 адам;
трихофития — 1 адам;
бруцеллез — 45 адам;
альвеококкоз — 1 адам.
Айта кетейік, облыста 1000-нан аса ветеринар маман қызмет атқарады. Өңірде 10 ветеринарлық станция мен 118 ветпункт жұмыс істейді.
Бұл туралы kaz.inform.kz жазады.