Бүгін Астанада Euronews телеарнасының өңірлік кеңсесі салтанатты түрде ашылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Euronews кеңсесінің ашылуы Қазақстанның ақпарат саласы үшін маңызды оқиға екенін атап өтті. Министр бұл тек географиялық ауқымды кеңейту емес, сондай-ақ Қазақстанның бай мәдени мұрасын, заманауи жетістіктерін әлемге көрсетуге берілген жаңа мүмкіндік екенін айтты.
"Мемлекет басшысы қазақстандық мәдениетті, туристік және инвестициялық әлеуетті халықаралық деңгейде таныстыруды тапсырған болатын. Менің ойымша, бұл кеңсенің ашылуы осы жұмыстарға жаңа серпін беретіні сөзсіз. Бұл кеңсе мәдениеттер арасындағы диалог алаңына айналып, жаңа идеялар мен креативті шешімдерді ілгерілетуге үлес қосады. Бұл бастама арқылы тек өзара түсіністікті арттыратын ғана емес, жаһандық медиа кеңістікті байытатын жобалар дүниеге келетініне сенімдімін", - деді министр.
Бірлескен ынтымақтастық аясында Euronews 39 миллионнан астам көрерменді қамтыған Көшпенділер ойындарының материалдарын трансляциялады.