Маңғыстау облысында туризм саласында көрсетілген қызметтердің көлемі 15 миллиард теңгеден асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 процентке көп. Нәтиже көңіл көншітеді. Жауаптылар мұнымен тоқтамаймыз дейді. Келер жылға бұдан да жоғары көрсеткішке жету үшін мықты жоспар құрыпты. Каспий маңы саяхатшыларды немен қуантпақ? Тілшіміз баяндайды.
Маңғыстау облысында туризм дамып келеді. Былтыр бұл аймаққа 330 мыңнан аса адам келген. Биыл туристер саны одан 36 мыңға көп. Саяхаттап келгендердің арасында қазақстандықтардан бөлек, шетелдіктер де бар. Жауаптылар қонақтар санын тағы да арттыру үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр дейді. Қонақ үйлер мен демалыс орындары ашылмақ.
ЕРКІН ИБРАШЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Біз қазір туризм және спорт министрлігімен бірлесіп құжат дайындап жатырмыз. Бұл Маңғыстау облысының туризм саласын дамытудың кешенді жоспары. Оған 100-ден астам іс-шаралар кіреді. Нақтырақ айтсақ, инвестицияларды тарту, инвестициялық жобалар, инфрақұрылымдар туралы талқылаудамыз. Алдағы уақытта біздің туристік нысандарды дамытуға мүмкіндік беретін көптеген жоба іске асады.
Өңірде бірнеше күн бұрын ғана "Ақтау-Бекет-ата-Ақтау" бағытындағы 51 орындық жайлы автобустар іске қосылды. Қоғамдық көлік демалушыларды күн сайын таңғы 7-ден кешкі 5-ке дейін тасымалдайды.
ЕРКІН ИБРАШЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Ақтау Түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесіне ие болды. Бұл шетелдік туристерді тарта түседі. Қазірдің өзінде туризмге қатысты 34-ке жуық іс-шара жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, көптеген мәдени іс-шара өтеді. Мұның барлығы аймаққа келетін қонақтар үшін.
Биыл өңірде туризм саласында көрсетілген қызметтер көлемі 15 миллиард теңгеден асты. Өткен жылмен салыстырғанда өсім, шамамен, 20 процент. Аймақ басшылары бұл саланы дамыту қосымша инвестиция тартуға, жаңа туристер ағынын ұлғайтуға мүмкіндік беретінін айтады. Яғни жаңа жұмыс орындары ашылып, салық аударымдарының түсуін қамтамасыз ететініне сенімді.