"Уақыт белдеуі туралы шешім ғылыми зерттеулер негізінде қабылданды". Қостанай облысына жұмыс сапарымен барған Премьер-министр Олжас Бектенов осылай деді. Тұрғындармен әңгімелесу барысында табиғи уақыттың азаматтардың денсаулығы мен әл-ауқатына оң әсері ғылыми дәлелденгеніне назар аударды. Үкімет басшысы Қостанай облысының тұрғындарына және барлық қазақстандықтарға осы маңызды шешімді түсініп, қолдағаны үшін алғысын білдірді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Қазақстан үшін табиғи уақыт белдеуі біз қазір өмір сүріп жатқан UТC+5 болып табылады. Бұрын өздеріңіз білетіндей, біз басқа UТC+6 белдеуінде болдық. Кезінде еліміз директивалық тәртіпте біз үшін табиғи емес белдеуге ауыстырылды. Қазір, керісінше, біз уақытты күн цикліне сәйкес келтірдік.
Үкімет басшысы сондай-ақ, өңірдегі зауыттар мен кәсіпорындарды аралап, өндіріс басшылығы және ұжымдарымен кездесулер өткізді. Индустриялды аймақты аралады.Үкімет басшысына Kia автокөлігін өндіретін зауыт бойынша да ақпарат берілді. Кәсіпорынды іске қосу 2025 жылға жоспарланған. Зауыттың толық қуаттылығы жылына 70 мың автокөлік. Кәсіпорын өнімдері шағын торапты құрастыру әдісін қолдана отырып шығарылады. Өндіріс 68 роботпен жабдықталады. Зауыт іске қосылғанда жоғары ақы төленетін 1,5 мың жаңа жұмыс орны ашылады.