Ақтөбе облысында сегіз бірдей адамның өмірін жалмаған жол апатына қатысты сот үкімі шықты. Жарысқа бара жатқан оқушылар мінген мәшинеге соғысқан жүк көлігінің жүргізушісі 5 жылға сотталды. Сондай-ақ жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Еске салайық, оқиға биыл 7 тамызда Самара-Шымкент тас жолында болды. «Toyota Ipsum» көлігі «MAN» жүк көлігімен соқтығысып, көлікте болған бес бала мен үш ересек адам қаза тапты. Олар Әйтеке би ауданынан Маңғыстау облысына футболдан жарысқа бара жатқан 6-7 сыныптың оқушылары еді. Арасында бір үйдің екі бірдей баласы және олардың әкесі де болған. Қылмыстық іс материалдарына сәйкес жол апатына жүк көлігінің иесі кінәлі деп танылды, ол қарсы бағытқа шығып кеткен көрінеді. Жүк көлігінің жүргізушісі Беларусь елінің азаматы қамауға алынды.
АЛТЫНБЕК САБЫРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:
Соловьев Сергей Юрьевичті ҚР ҚК 345 бабы 4 бөлігімен қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Сондай-ақ 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылсын.
Сотталушы кінәсін толық мойындады. Оның кәмелетке толмаған балалары бар екендігі сотта жазаның жеңілдеуіне сеп болды. Сондай-ақ сотталушы бір үйден үш бірдей адам қаза тапқан жәбірленушінің отбасына 20 млн теңге, қалған бес жәбірленушінің әр қайсысына 7 миллион теңгеден моральдық шығын өтеуі тиіс.