Атыраудағы «Дина» базарында кәсіпкерді аяусыз ұрып өлтірген азамат 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Атырау қаласының №2 соты осындай үкім кесті. 39 жастағы айыпталушы жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді. Сондай-ақ марқұмның жары мен баласына 20 миллион теңге моральдық өтемақы төлеу міндеттелді. Сот үкімін тыңдауға келген халықтың қарасы қалың. Сот залында ине шаншыр орын жоқ. Қалаға шаруасымен келіп, өмірімен қоштасқан Амандық Сағынғалиевтың тума-туыстары. Негізі Қылмыстық Кодекстің 106-бабының 3-бөлігі бойынша 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Бірақ сот сотталушының кәмелетке толмаған 5 баласы барын ескерген.
ЗӘУРЕ ҚАЗАҚБАЙ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ №2 СОТЫ СУДЬЯСЫ:
Ол өз әрекетіне толық жауап бере алатын тұлға ретінде сараптама қорытындысы берілген.Ол жәбірленушінің тарапынан ешқандай қарсы соққы болмаса да, бірнеше рет тоқтаусыз жарақаттарды жұдырықпен келтіргеннің өзі ол жерге құлап жатыр, ол қайтадан соғып жатыр. Осының бәрі ауыр жарақат болып есептеледі. Және де оны сотталушы қасақана түрде ауыр зиян келтірген деп сот есептейді.
Айта кетейік, сотталушы бұған дейін де осы баппен істі болып, жазасын шартты түрде өтепті. Оқиға биыл маусым айында, қаладағы ірі базардың көлік тұрағында орын алған еді. Амандық Сағынғалиев ер адамның көлігін абайсызда сырып кеткен. Соған ашуланған сотталушы басынан тоқтаусыз бірнеше соққы жасаған. Сол маңда куәгерлер болса да, қол ұшын созуға асықпаған. 56 жастағы азамат есін жимастан ауруханада қайтыс болған еді.