Жаңа жыл мерекесі қарсаңында балалар шырша тойына барса, ересектер мейрамхана жағалап кетеді. Бірақ, көпшілік жиналатын жерлерде өрт туындаған жағдайда адам өмірі қалай сақталмақ? Ол мекемелер қауіптің алдын алуға дайын ба? Әріптесім Еркелді Тілеуқұл төтеншеліктермен ірі нысандарды аралады.
Жай күннің өзінде мың бала, мерекелік шара кезінде бес мың бала келетін оқушылар сарайы төтеншеліктердің басты назарында. Сол себепті, нысандағы өрт қауіпсіздігі шаралары мұқият тексерілді. Сонымен қатар, мамандар қызметкерлерді жинап, төтенше жағдай кезінде қалай әрекет ету керектігін пысықтап, тағы түсіндірді. Оқушылар сарайының қызметкерлері, жаман айтпай, жақсы жоқ кез-келген жағдайға дайынбыз, - деп сендірді.
ҚАЙЫРҒАЛИ АЗАМАТОВ, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ОҚУШЫЛАР САРАЙЫНЫҢ ҚАУІПСІЗДІК ЖӨНІНДЕГІ ИНЖЕНЕРІ:
Алдын ала қауіпсіздікті сақтау үшін кіретін-шығатын есіктерді тексеріп аламыз. Электр жабдықтар мен сымдарды тұйықталу болмауы үшін тексеріп аламыз. Соның ішінде өрт дабыл құралына ерекше мән береміз. Содан кейін ғана мерекелік шараға дайынбыз деп қорытынды жасаймыз.
Одан кейін Елордадағы ең ірі деген мейрамханада да алдын алу шарасы өтті. Тек қана той емес, концерт те ұйымдастырылатын жерде эвакуациялық есіктер жеткілікті екен. Мамандар, жалпы, ережелердің сақталғанын көрсе де, артықтық етпес деп ескертулерін айтты.
АНАР ІЛИЯСОВА, МЕЙРАМХАНА МЕҢГЕРУШІСІ:
Ең бірінші құралдар, өрт болған кезде өрт сөндіруші құралдар бар. Оқыс жағдай болса, шығатын үлкен үш есігіміз бар.
Төтеншеліктердің айтуынша, бір рет ескерту жасалған жерге міндетті түрде жаңа жылдың алдында тексеріспен қайта барады. Оған дейін кемшілікті түзетпеген мекемелерге айыппұл салынады. Ең шағын деген тойхананың өзі 20 Айлық Есептік Көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайды.
АСХАТ АМАНТАЕВ, АЛМАТЫ АУДАНДЫҚ ТЖБ БАС МАМАНЫ:
Біз айтқан кейбір ескертулер бірден түзелді. Кейбіреуін жақын арада түзетеміз деп уәде беріп жатыр. Жалпы, біз бүгін барған мекемелер салтанатты шара өткізуге дайын деп айтуға болады. Алайда, толық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әлі де жұмыс атқаруы қажет. Тағы бір келіп, тексеретінімізді ескертіп айттық.
ЕРКЕЛДІ ТІЛЕУҚҰЛ, ТІЛШІ:
Биден ет қызып, алкогольды ішімдіктен дене қызған сәтте адамдар өрттің қалай басталғанын байқамай қалуы мүмкін. Мамандардың айтуынша есіктен шығар алдында ең бастысы абдырап, асықпау керек. Себебі, адамдар бір-біріне кедергі жасауы мүмкін.