$524.02 €545.19 ₽5.09
×

«Қарызсыз қоғам» жобасы - Президенттің Әділетті Қазақстанды құру бағытының негізгі идеясы» - Е. Қошанов

19.12.2024ж. 20:00
88
«Қарызсыз қоғам» жобасы - Президенттің Әділетті Қазақстанды құру бағытының негізгі идеясы» - Е. Қошанов

Халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасы қорытындыланды. «AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жоба екі жылдан аз уақыт ішінде елдегі жаңа саяси мәдениеттің үлгісіне айналды. Қарыздан құтылып, өмірін өзгерткісі келгендер үшін үміт шырағы болды. Жобаға 780 мың қазақстандық қатысып, қаржы жұмсауды үйренді. Бүгін белсенді қатысушылар, қаржы сарапшылары, жоба менторлары мен серіктестері арнайы төсбелгі және алғыс хаттармен марапатталды. 

Халықтың шектен тыс қарызға батуы - қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Жағдайды түбегейлі түзету үшін мәселенің салдарымен емес, себебімен күресу маңызды. Осы орайда «AMANAT» партиясы Мемлекет басшысы жоғары баға берген қазақстандықтардың қаржылық сауатын арттыру жобасын бастады.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

«Қарызсыз қоғам» партиялық жобадан жалпыхалықтық жобаға айналып келеді. Біз қоғамның болмысын, мәдениетін, көзқарасын оң бағытқа өзгертуге күш салып жатырмыз. Адамдардың өмірін өздерінің күш-жігерімен өзгертуге жағдай туғызып жатырмыз. «Қарызсыз қоғам» жобасы осы бағыттағы мемлекеттік саясаттың құрамдас, ажырамас бір бөлігі. Президенттің Әділетті Қазақстан құру идеясы мен адал азамат бастамасының іс жүзіндегі көрінісі.

Жобаның белсенді қатысушыларының бірі – алматылық Айжан Жылгелдиева. Үш баланың анасы қиындықтарға тап болып, несиеге батқан. Қазір жоба көмегінің нәтижесінде жағдайы әлдеқайда жақсарды. "Бастысы, бюджет кірісі мен шығысын дұрыс есептеуді үйрендім" дейді.

АЙЖАН ЖЫЛГЕЛДИЕВА, ЖОБА ҚАТЫСУШЫСЫ:

Басымда кредиттерім болды. Солардың бәрінен банктермен қайта қаржыландыру мәселесі бойынша, маған ыңғайлы кесте жасап беру бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасы өте жақсы көмектесті. Менторларға, эксперттерге өте үлкен алғысымды білдіремін.

Ал Алматы облысынан келген Орынгүл Қазының басында қарызы болмаса да, қаржы саласындғы білімін жетілдіруге бел буған. Сөйтіп былтыр «Қарызсыз қоғам» жобасының 5 күндік қурсына қатысқан. Бүгінде қысқа ғана уақытта алған білімінің жемісін көріп отыр.

ОРЫНГҮЛ ҚАЗЫ, ЖОБА ҚАТЫСУШЫСЫ:

Баламның кішкентай кезінен бастап қаладан үй алу мақсатында депозит жинай бастадым. Қаржы жинақтағанмен, оны қалай пайдалануды білмегем. Осы "Қарызсыз қоғам" бағдарламасының курсынан өткеннен кейін мен тезірек пәтер алу керектігін біліп, қаладан бір бөлмелі пәтер сатып алдым.

"Қарызсыз қоғам" қаржылық сауатты арттырып қана қоймай, болашақта кәсіп ашуға ниетті жандарға бағыт-бағдар береді.

Бүгінде жобаға еліміздің барлық аймағынан 780 мың азамат қатысты. 40%-дан астамы – қарыз жүктемесін, 70%-ы – ай сайынғы несие төлем мөлшерін, ал 41%-ы – несиелердің жалпы санын азайтты. Сондай-ақ биыл 500 мыңнан астам оқушы мен 100 мың студент білім алды. Нәтижесінде проблемалық несиелер үлесі 18%-дан 7%-ға дейін төмендеді.

СӘУЛЕТ ЕРКІНОВА, «ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» ЖОБАСЫНЫҢ АБАЙ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША МЕНТОРЫ:

Бизнес-жоспар, оны сүйемелдеу, сонымен бірге, грантқа несие алуға қатысатын болса, толықтай өтінім өткізгенге дейін, презентациясына дейін жасауға көмектесеміз. Жалпы бұл қоғам, халық үшін өте маңызды, қажетті және керек деп айтамын.

«Қарызсыз қоғам» жобасының аясы алдағы уақытта кеңейе түспек. Келер жылы қаржы сарапшыларының санын 200-ге, ал қатысушы санын 1 млн-ға жеткізу жоспарда бар.