Ақтөбеде жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 100-ден астам қылмыстық іс сотқа жолданды. Оның дені Заңға өзгерістер мен толтықтырулар енгізілгеннен кейін қаралған. Яғни, жүйелі жұмыс нәтижесін беруде.
Бұл келіншек өзінің жүзін көрсетіп, аты-жөнін атамауды өтінді. Бес жыл бұрын тұрмысқа шыққан. Бір жылдан кейін отбасында қиындықтар басталыпты. Жолдасы араққа сылқия тойып алып, көк ала қойдай етіп сабауды шығарған.
ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Кейде 15 күн, кейде он күн сау жүреді. Басқа күндері үнемі мас. Ол ұйықтап кету үшін бес бөтелке керек. Сосын мені сабайды. Талай рет ауруханада жаттым. Қолымды, қабырғамды сындырды.
Әйел амалсыздан жолдасын сот арқылы үйінен қуып та шықпақ болған. Бірақ онан да ештеңе шықпапты. Әрдайым учаскелік инспектордың көмегіне жүгінуге тура келетінін айтады.
ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Бірнеше рет 20 тәулікке қаматтым. Сосын алты айға мәжбүрлі түрде емдеу мекемесіне жатқыздық. Емнен кейін жөңделгендей болып еді. Қыркүйекте қайтадан ішіп кетті.
Оған қатысты қылмыстық іс те қозғалған. Бірақ соңғы сәтте әйелдің өзі райынан қайтып, арызын қайтып алған. Өкінішке қарай мұндай жағдай жиі кездеседі екен. Биыл осы Есет батыр тұрғын үй алабында 465 тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі болған. Бірақ оның дені тараптардың татуласуымен шешілген.
ӘЛІШЕР ҚУАНЫШ, ҚАЛАЛЫҚ №4 ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЫ:
20 қылмыстық іс қозғалды. 109,108 бап бойынша ол дегенін ұрып-соғу және денеге жеңіл түрде зиян келтіру барысында ол істердің 20 істің тек бесеуі сотқа жолданды. Қалған 15 іс қысқарды. Себебі, басында ашумен арыз жазады да барлығы содан кейін бір екі күн ішінде бір-бірімен татуласып, бітімгершілікке келеді. Сол себепті қылмыстық іс қысқарады.
Десе де нәзік жандыларға күш көрсетушілерге қатысты 119 қылмыстық іс сотқа жеткен. Бір ғана адам сотталған. Қалған жағдайда зәбір көрсетушілер қоғамдық жұмысқа тартылған немесе айыппұл арқалаған.