Алматыда «Отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алудағы заманауи психологиялық көзқарастар: теория және тәжірибе» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Жобаға қазақстандық және шетелдік белгілі психологтар, ғалымдар, сарапшылар, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдері қатысып, бүгінгі күні отбасылық өмірде зорлық-зомбылықтың белең алып, салдарынан өзіне-өзі қол жұмсайтын азаматтардың күрт көбеюі туралы мәселені қозғады. Айта кетейік, «AMANAT» партиясы өткен жылдан бастап халыққа психологиялық көмек көрсетудің тиімді институтын құру мәселесін алға тартып келеді. Әсіресе әйелдердің құқығын қорғау бойынша бірнеше іс-шаралар өткізіп, оларға психологиялық түрде көмектесетін дәрістер санын арттырды.
ЗАРЕМА ШАУКЕНОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ӘЙЕЛДЕР ҚАНАТЫНЫҢ «ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ИНСТИТУТЫН ҚҰРУ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЖҰМЫС ІСТЕУІ» БАСЫМДЫҒЫНЫҢ ТЕҢ ТӨРАҒАСЫ:
Бүгінгі конференцияда отбасыдағы зорлық-зомбылық тақырыбы талқыланып жатыр. Түркия, Эстония, Қырғызстан сынды елдерден осы сала бойынша кәсіби білімі мен тәжірибесі бар мамандар келіп, ой бөлісіп жатыр. Олар ата-анамен де, балалармен де талай практика жүргізіп, отбасылық өмірдегі қысым туралы толығымен зерттеген. Одан бөлек, қазір оқушыларға да әлімжеттік көрсетіледі. Соған орай бүгін әртүрлі мектептен психологтар келіп, тәжірибелі мамандардан дәріс алуда.