$523.86 €544.34 ₽5.11
×

Маңғыстауда балық аулау шаруашылығы қайта жанданды

Маңғыстауда балық аулау шаруашылығы қайта жанданды

Маңғыстауда 30 жыл үзілістен кейін кәсіби балық аулау шаруашылығы қайта жанданды. Биыл өңірде балықпен айналысатын 3 кәсіпорын 45 жарым тонна бекіре мен жайын өсірген. Келер жылы бұл көрсеткішті 286 тоннаға ұлғайту жоспарланған. Өңірдің өзге де жаңалықтарын тілшіміз тарқатады. 

Елордаға келіп аймақтың тыныс-тіршілігін жіпке тізген Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай сөздің басын ірі инвестициялық жобалармен бастады. Айтуынша, соңғы 5 жылда облысқа 4 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылған.

НҰРДӘУЛЕТ ҚИЛЫБАЙ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Өңірде 2024-2026 жылдар ішінде экономиканың түрлі саласында құны 666 млрд теңгеге 42 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл 1 800 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Биыл 14 жоба іске қосылды. Сонымен қатар алдағы уақытта өңіріміздің барлық бағыттағы әлеуетін пайдалана отырып инвестициялық құны 27 трлн теңге болатын 8 ірі жобаны ашу жоспарланып отыр.

Облыс әкімі аймақ тұрғындарын ауыз сумен қамту кезең-кезеңімен шешіліп жатыр, дейді. Бүгінде өңірдің өзекті мәселесі төңірегінде атқарылып жатқан жұмыстар Мемлекет басшысының бақылауында тұр.

НҰРДӘУЛЕТ ҚИЛЫБАЙ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Кезең-кезеңімен шешу үшін 2025 жылға дейін қуаты 140,5 мың текше метрді құрайтын 10 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде «Каспий» су тұщыту зауытының қуатын 40 мың текше метрге дейін жеткізу жобасы мен Ақтау қаласында тәулігіне 7 мың текше метр су тұщытатын зауыттың бірінші кезеңі аяқталуда. Қалған 7 жоба келер жылы іске асырылады.

Келер жылы Ақтау қаласы Түркі әлемінің мәдени астанасы болады. Төрткүл дүние назар аударатын шара наурыз айында басталады. Халықаралық жиын аймақтың туристік әлеуетінің артуына оң әсерін тигізеді, дейді аймақ басшысы.