$523.86 €544.34 ₽5.11
×

Мердігер компания жұмысшыларға 1,2 млрд теңге қарыз

20.12.2024ж. 20:00
122
Мердігер компания жұмысшыларға 1,2 млрд теңге қарыз

Елдегі ірі мердігер компанияның бірі жұмысшыларын зар қақсатып жүр. Тірліктің бәрін тыянақты аяқтаса да жалақысын бермеген. О баста шағымданушылар басшылардың сөзіне Құдайдай сеніп, жұмысты бастап кеткен. Тіпті, өз қалталарынан ақша шығарып, қарызға батыпты. Ал, компания мүшелері болса қаржыны ертең беремінге салып, қашып жүр дейді. Құрылысты бастағалы көк тиін көрмедік деген тұрғындардың арыз-шағымын әріптесім Аружан Задабек тыңдады. 

Баян Сыздықбаева – қосалқы мердігер. Екі жылдан бері «SHEBERBUILD» ЖШС жұмыс істейді. Бірігіп 4 жобаны қолға алған. Компанияға шүбә келтірмеген келіншек барлық істі өз мойнына алыпты. Құрылысқа қажет құрал-сайманның бәрін несиеге рәсімдеген. Жетпеген тиын-тебенін жақындарынан жинаған. Енді біреуінің де ақысын ала алмай отыр. Қаржыны әні беремін, міні беремін деген мердігерлер қазір телефоныма да жауап қатпайды дейді. Екі ортада қарызға баттым деген ол жұмысшыларыма ақша бере алмай, жаман аттың өзіне келгеніне жыларман.

БАЯН СЫЗДЫҚБАЕВА, ҚОСАЛҚЫ МЕРДІГЕР:

Үйімді қойдым, кредит алдым. Әке-шешемнің алтынын өткіздім. Енді өзім қиналып отырмын. Жаңа жылдың қарсаңында менен де жұмысшыларым күнде ақша сұрайды. Талап етеді. Қорқытады. Неше түрліні айтады. Уже күйініп отырмыз. Күйінгеннен кейін шақырып отырмыз. Шывндығы осы. Шаршадық күте-күте. Күнде келесі апта. Келесі апталары бітпейді. Бітпейтін АВР.

Дәл қазір компания бір ғана Баян Сыздықбаеваның өзіне 75 миллион теңге қарыз. Бармақ тістеп қалған ол ғана емес. Ермек Көпеевке де берешегі көп. Ол да қажет материалдың барлығын өзі арқаланып алған. Қазір жұмысты толығымен аяқтады. Бірақ ақша жоқ. Былыққа батып, табанын тоздырғандар маңдай терлерінің теңгесін талап етіп отыр.

ЕРМЕК КӨПЕЕВ, ҚОСАЛҚЫ МЕРДІГЕР:

22,5 миллион бір жыл болды төлемей келе жатқанына. Әні-міні, управлениеде ақша ұстап жатыр деді. Жүрміз әлі. Ертең, арғы күні деп. Уже заявление жаздық.

Жұрттың жегенін желім қылып, түн ұйқысын ұрлаған мердігер компанияға хабарластық. Қарыздан біз де бас ала алмай жатырмыз деген басшы бәріне әкімдікті кінәлады. Олар қазынадан қаражат берсе, жылап-сықтап жүргендерге жіберер едік дейді.

БОЛАТ СМАҒҰЛОВ, «SHEBERBUILD» ЖШС КУРАТОРЫ:

2022 жылдың соңында біздің компания құрылыс басқармасымен 2 құжатқа қол қойды. Бұл 27 және 17 мектептің құрылысы бойынша. Осы келісім бойынша біз қосымша мердігерлерді де бекіттік. Олар жұмысты аяқтадым. Дәлірек, 27-мектептің 100 проценті, 17-мектептің 98 пайызы аяқталған. Қазір біздің жұмысшыларға қарызымыз – 1,2 млрд теңге.

Компания өкілі әкімдік ақшаны берудің орнына, басқа мердігер іздеуге көшкен дейді. Конкурс басталып та кеткен. Енді тендерді басқа мекеме ұтып алса, жұмысшылардың айлыққа қол жеткізуі, тіпті, қиындап кетуі мүмкін.