Қазір елордаға қоныс аударатындар көп. Сондықтан мектепке баратын балалардың саны әр жылда 20 мыңға көбеюде. Орын тапшылығын жою мақсатында жыл сайын 15 мектеп салынуы керек. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек бас қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы брифингте айтты.
Биыл елордада біраз бала жаңа мектептің партасына отырды. Бас қалада салынып жатқан 24 білім ордасының 18-і пайдалануға берілген. Халық игілігіне берілетін құрылыс қарқыны келер жылы да жалғаспақ. Сондай-ақ балабақшалар саны да көбейеді.
ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК, ҚАЛА ӘКІМІ:
2029 жылға қарай 60 мемлекеттік балабақша салу жоспарлануда. Бірінші кезеңде 3000 орындық 10 балабақшаның құрылысы басталды. Оның 3-і жақын арада пайдалануға беріледі. Сондай-ақ 17 жекеменшік балабақша салынып жатыр.
Қалада газдандыру жұмыстары да қарқын алған. Тұрғындарды көгілдір отынмен қамту алдағы уақытта да белсенді жүргізіледі. Соның арқасында 3 жыл ішінде ауаны ластайтын зиянды заттардың көлемі 34 пайызға төмендейді.
ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК, ҚАЛА ӘКІМІ:
Қаланы газдандыру бойынша белсенді жұмыс істеуді жалғастырудамыз. Қазіргі таңда жеке үйлердің 50%-ы газбен қамтамасыз етілген. Биыл 1500-ден астам үй газдандырылды, оның ішінде Үркер тұрғын алабы бар. Келесі жылы «Өндіріс», «Garden Village» және «Шұбар» тұрғын алаптарын газдандыру жобаларын іске асыру басталады.
Жалпы бас қаланың экономикасы өсуде. Жеке табысы 1 трлн теңгеден асқан. Инвестиция көлемі 20,4 пайызға көбейген. Сондай-ақ 11 айдың ішінде 3,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,4 пайызға артық.