Астанада толассыз қар жаууына байланысты коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қалалық әкімдік тұрғындарды жолдарда сақ болуға және алыс сапарлардан бас тартуға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, 21-22 желтоқсан аралығында коммуналдық қызметтер қала аумағынан 42 мыңнан астам текше метр қарды 3 033 рейспен шығарды.
«22 желтоқсандағы күндізгі ауысымда қар тазалау жұмыстарына 2 603 жол жұмысшысы және 1 595 арнайы техника жұмылдырылды. Жалпы, қыс маусымы басталғалы бері қаладан 105 695 рейспен 1 млн 336 мың текше метрден астам қар шығарылған», — деп жазылған хабарламада.
Әкімдік мәліметінше, қар тазалау кезінде бірінші кезекте қозғалысы қарқынды көшелер тазартылып, кептелістердің алдын алу шаралары жүргізіледі. Сонымен қатар вокзал аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кіреберістер қардан тазартылады. Орталық көшелер, қоғамдық көлік бағыттары, аялдамалар мен жаяу жүргіншілер аймақтарына ерекше көңіл бөлінеді.
Әкімдік қала тұрғындары мен қонақтарына жолда сақ болып, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертті.
«Дауылды ескерту кезінде алыс сапарлардан бас тартып, ауа райының қолайсыздығын ескерулеріңізді сұраймыз», – делінген әкімдік хабарламасында.