Париждегі Олимпиада ойындарынан кейін алғаш рет жарысқа қатысып жатқан Назым Қызайбай Қарағандыда өтіп жатқан ел чемпионатының финалына шықты, - деп хабарлайды msports.kz сайты.
Назым 48 келіге дейінгі салмақта бақ сынауда. Бұған дейін 50 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасып, Парижде қола жүлдегер атанған болатын. Ол ұзақ жылдардан кейін салмағын төмендетті. Спортшы бұл салмақта әлем біріншілігінде екі мәрте топ жарып, 2014-2016 жылдары алтыннан алқа тағынған.
Қызайбай жартылай финалда Жетісу облысының боксшысы Әнел Құдайбергеннен басым түсті. 3-раундта қарсыласы жекпе-жекке шығудан бас тартты. Финалда қызылордалық Ақбота Болатпен өзара мықтыны анықтайды.
Айта кетейік, ерлер арасында бұл салмақта Теміртас Жүсіпов финалға жолдама алды. Құрамадағы ең егде жастағы боксшы шешуші шайқаста жамбылдық Нұрзат Оңғаровпен жұдырықтасады.