$520.27 €537.65 ₽5.24
×

"Бавария" ойыншысы ракты жеңіп шықты

23.12.2024ж. 20:00
355
"Бавария" ойыншысы ракты жеңіп шықты

"Бавария" әйелдер футбол клубының қақпашысы Мария Грос ракты жеңіп шықты. Ал "Пари Сен-Жермен" және "Монако" арасындағы кездесуде қорғаушы Стефан Синго абайсызда Доннарумманың бетін аяқ киімінің астындағы шегелермен тіліп жіберді. Тіпті төбелес ұйымдастырып, сотталған футболшылар да бар. Толығырақ Айбек Салдатбек мәлімдейді. 

Армысыздар! Алыста болса да қуанышты жаңалық. "Бавария" әйелдер футбол клубының қақпашысы Мария Грос ракты жеңіп шықты. Ол қатерлі ісікке қазан айында шалдыққан. Онкологиялық аурудан айыққан 23 жастағы спортшы енді уақытша еңбек демалысына шығады. 

 "БАВАРИЯ" ФУТБОЛ КЛУБЫ:

Грос қалпына келіп жатыр. Медициналық шаралар сәтті болды. Ешқандай асқыну болмаса, қаңтар айында ол командамен қайтадан жаттыға алады.

Бір қақпашы аурудан айығып жатқанда, енді бірі ауыр жарақат алды. "Пари Сен-Жермен" және "Монако" арасындағы кездесуде қорғаушы Стефан Синго абайсызда Доннарумманың бетін аяқ киімінің астындағы шегелермен тіліп жіберді. Салдарынан қақпашы бірінші таймда ойынды аяқтады. Кейінірек оның беті он жерден тігілгені мәлім болды. 

Аргентиналық "Ривер Плейт" футбол клубының 4 ойыншысын полиция қамауға алды. Оған Бразилия кубогындағы кездесуде алаң жиегіндегі баланы маймылдың қылығын жасап мазақтаған Кандела Диастың әрекеті себеп болған. Салдарынан футболшы қыздар арасында төбелес басталып, ойын ерте аяқталды. Кейінірек "нәсілшілдік" үшін полиция 4 ойыншыны изоляторға қамады. 

Италия А сериясында футболшылар алаңға күшік алып шықты. 

Акция "Верона" мен "Милан" арасындағы матч кезінде болды. Футболшылар осылайша қараусыз қалған үй жануарларының мәселесін көтергілері келген. Бұл олар қатысқан алғашқы шара емес. "Верона" ойыншылары осыған дейін де үйсіз күшіктерді асырайтын жерге барып, қолдау білдірген.