$523.72 €544.09 ₽5.2
×

«Ұшақ билеті қымбат, көп кешігеді»: депутаттар Air Astana басшысына шүйлікті

23.12.2024ж. 20:00
64
«Ұшақ билеті қымбат, көп кешігеді»: депутаттар Air Astana басшысына шүйлікті

Air Astana аспанның Құдайы болды. Билеті қымбат, берері аз. Ұшу күнің жақындаған сайын, қалта көтеретін құн алыстай түседі. Ал сапаға келгенде сөз жоқ. Кейбір ұшақтар, тіпті, тәуелсіздікпен құрдас. Депутаттар біраз адамның шымбайына батқан тақырыпты көтерді. Компанияның басшысын ортаға алып, мәселені шешуін талап етті. Шетелдікке шаңырақты көрсетіп, министрге мін жауған Парламенттегі жиын туралы Аружан Задабек айтады. 

Аспанда да, жерде де, өзенде де, көлде де, Күту заңы қиын-ау. Елес-елес. Ерке Есмаханның осы әнін білмесек бұл махаббат туралы емес, кешіккен самолет туралы деп ойлар едік. Рас. Күте-күте шаш ағарады. Жырлай-жырлай жақ талады. Ашығы да осы. Депутаттарды ашындырған да осы.

АБЗАЛ ҚҰСПАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Тұтынушылардың құқығы бұзылады. Бір! Кешігеді – екі! Рейстерді үзе салды – үш! Бірақ бұл үшін аталған компанияға ешқандай жауапкершілік жоқ.

Депутаттың осы сөзі парламентте отырған әрбір адамның жанды жеріне тиді-ау. Жарамысына тұз тигендей бәрі бірден шу ете қалды. Кешіккен ұшақ кесірінен талай жолдан қалып, талай әуежайда түнедік дейді.

«Мен бұлай жұмыс істей алмаймын» деген модератор депутаттарды тоқтата алмай әлек.

Ал, бар проблеманың басында отырған Питер Фостердің ұялар түрі жоқ. Шыр-пыр болған мәжілісмендерге жымия қарап, “не істей аласыңдар, ал!” дегендей түр берер емес. Шаңыраққа қара дегендер “құдай” болған эйр Астана басшысын сұрақтың астына алды.

ЕДІЛ ЖАҢБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, “AMANAT” ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Сіз күлмеңіз. Сіз бізді менсінбей отырсыз. Біз сізге Африкадағы абориген емеспіз. Ештеңені түсінбейтін! Ойнамаңыз, бізді күліп менсінбей. Бұл Парламент! Осы жерде отырғандардың бәрі – халық сайлаған адамдар

Менің досым деп сөзін бастаған Базарбек басшыны жақтай ма деп едік, керісінше беттің арын белге байлаған деп сөгіп тастады. Адамдар ұша алмай, сағаттап күткенде оның кофе ішіп, лаунч-барда алаңсыз отырғанын сынады.

БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Фостер мырза - менің досым. Себебі бір рет кездестік жүзбе-жүз. Айтқан сөздеріңізде жан бар. Мен жеке өзім көрдім. Халық рейстен қалып, 8 сағат тұрды. Фостерь мырза сол жерден өтті. Айр Астана деп шулап жатыр. Тоқтамай, лаунч-барға кіріп кетті.

Қазір аспанда да, жерде де қамсыз жүре алмайтын болдық. Қалтамыз қалың болмаса не самолет отырғызбайды, не пойыз ала кетпейді. Жүгіріп жетесің бе өзің біл дегендей өзектен тебеді. Бірақ сапасына көңіл бөліп жатқан адам жоқ. Тәуелсіздікпен жасты самолеттерді көргенде секем алмауың мүмкін емес.

ПИТЕР ФОСТЕР, «AIR ASTANA» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ең алдымен Air Astana компаниялар тобы монополист еместігін атап өткім келеді. Өйткені, 2011 жылдан бері ішкі мнополия жойылды. Қазір лицензияланған 4 компания жұмыс істейді. Олар: Air Astana group-қа кіретін Air Astana мен Flyarystan, сонымен қатар Scat пен Qazaq air. Осы жылдың қарашасына дейін FlyArystan 4,1 млн жолаушы, оның ішінде ішкі бағытта шамамен 3,8 млн, халықаралық бағытта 270 мың жолаушы тасымалдады.

Аспанды жырлап болсақ, жерге түсейік. Теміржол саласында да былықтың көбі белгілі. Ескі вагондар туралы жылдар бойы жырлауға болады. Қанша жыл жолсерік болған депутаттың өзі мәселенің әлі шешілмегеніне наразы.

НҰРТАЙ САБИЛЬЯНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, “AMANAT” ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

1012 бірлік, яғни 39 пайызы вагондардың 28 жылдан астам уақыт бойы пайыдаланып келе жатқан ескі вагондар.

Соңғы 10 айда 76 мың әуе рейсі орындалды. Оның 23 пайызы кешігіп ұшқан. Қалған 77 процентінде мәселе болмапты. Бұл министрдің баяндамасы. Іс жүзінде статистиканың осындай екеніне шүбә бар.