$523.72 €544.09 ₽5.2
×

Қостанай облысына соңғы екі жылда 1 миллиард доллар инвестиция тартылды

23.12.2024ж. 20:00
98
Қостанай облысына соңғы екі жылда  1 миллиард доллар инвестиция тартылды

Қостанай облысына соңғы екі жылда 1 миллиард доллар инвестиция тартылды. 11 айдың қорытындысы бойынша облыстың макроэкономикалық көрсеткіштері оң динамика көрсетіп отыр. 

Көшпелі баспасөз конференция барысында облыс әкімі Құмар Ақсақалов аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын баяндады.Өңірде өнеркәсіп көлемі 2,6 триллион теңгеге жеткен. Тау-кен саласы көш басында тұр. Ал агроөнеркәсіп кешенін көш ілгері дамыту, қайта өңделген өнімдер үлесін 70 пайызға арттыру жоспары жүзеге асып жатыр. Мәселен шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған «Бизнес-Көмек» бастамасы инвестиция көкжиегін кеңейтіп, талай кәсіпкерге жол ашты.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:

Несие қолжетімділігін арттыру үшін 2023 жылы алғаш рет экономиканың нақты секторында бизнесті дамытуға арналған бағдарлама іске қосылды.Ол оңтүстік өңір кәсіпкерлеріне 1 процентпен несие беретін «Бизнес-Көмек» бағдарламасы.

Қостанай автомобиль өндірісінің орталығына, драйверіне айналды. Тобыл өңірінде жылына тоқсан мың көлік шығарылады.Әлемге әйгілі KIA автомобиль зауытының құрылысы қарқынды жүріп жатыр.Бұл- өңірдегі ең ірі жобалардың бірі.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:

Құрылыс 2023 жылдың қарашасында басталды. 2025 жылы алғашқы автомобиль конвейерден шығады деп жоспарланып отыр. Қуаттылығы жылына 70 мың автокөлік. 90 миллиардтан астам инвестиция тартылып отыр. Кәсіпорын 1500 адамға жұмыс береді. Зауыттың құрылысы жеделдетілген қарқынмен жүріп жатыр, ол небәрі 1,5 жылда салынатын болады.

Астықты өлкеде құрғақ порт салу бастамасы да айтулы жобаның бірі. Жылына 400 мың контейнер жөнелтетін портта 700 жұмыс орны ашылмақ.Ал мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ақтөбе облысынан Қостанайға дейін магистральдық газ құбырын тарту ірі инфрақұрылымдық жоба. 500 миллиард теігенің жобасы көгілдір отын тапшылығы мәселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік береді.