Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлерін ұрып-соққаны үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізуді көздеп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адами ресурстар департаментінің директоры Алмагүл Қайышева дәрігерлерге кезекшілік кезінде шабуыл жасағаны үшін жазаны қатайтатын жаңа түзетулер әзірленгенін мәлімдеді.
"Қылмыстық жаза болады. Қазір қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жаза 10-нан 15 АЕК-ке дейінгі айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу болса, енді жазаның нақты мерзімдері үш жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе 3000 АЕК көлемінде болады", – деді Қайышева.
Сонымен қатар медицина қызметкеріне шабуыл жасаған адам кем дегенде 800 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлерін ұрып-соғу фактілерінің көбеюіне байланысты жазаны қатайту қажет деп санайды.
2019-2023 жылдар аралығында фельдшерлер, дәрігерлер мен медбикелерге 158 рет шабуыл жасалған. Бұл – тек ресми статистика. Ал 2024 жылы тоғыз жағдай тіркелген. Олардың соңғысы Қостанайда болды.
Өткен аптада шақырту кезінде жедел жәрдем фельдшерін екі әйел соққыға жыққан. 24 жастағы Анель Баймурзина науқастың өмірін сақтап қалмақ болғанымен, жүрегі тоқтап қалған. Артынша оның қыздары медицина қызметкеріне шабуыл жасаған. Жергілікті полиция департаменті "шабуыл жасау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, медициналық қауымдастық дәрігерлерді қорғау үшін заңнамаға жеке нормаларды енгізу қажет деп санайды. Жаңа заң жобасы қазір келісу рәсімінен өтіп жатыр және жақын арада парламентке жіберіледі. Шенеуніктердің ұсынысын депутаттар қолдап отыр.