Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Оралда тағы бір көпір жөнделеді

AstanaTV
23.05.2017ж. 20:00
2842
Оралда тағы бір көпір жөнделеді

Оралдық атқамінерлер бір көпірді жөндеп бітірмей жатып, келесісін түзеуге кіріспек. Көпірдың жаңа жобасына байқау жариялап, бұл іске 40 миллион теңге бөліп отыр. Бұл онсыз да қиындап тұрған көлік қатынасын одай сайын күрделендіре түседі, - деп қынжылады тұрғындар. Ал кейбірі тіпті көпір астынан өтуге қорқады. Шаһардағы өткелдер жайы туралы келесі бейнематериалда.

Еркін Карин, тілші:

Қазір қала көпірлеріндегі қозғалыс қарбалас. Өйткені темір жол депосы ауданындағы өткел жөндеуге жабылғалы бері, қалған көпірлер мен сол аумақтағы көшелерге салмақ түсті. Бірақ олардың да жағдайы мәз емес. Сондықтан уақыт өткізбей, жөндеу керек, дейді жауапты сала өкілдері.

Қайрат Мұхамбетқалиев, Орал қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

Мұнай базасы ауданындағы көпірді жобалау ісіне 40 миллиондай ақша бөлінді. Байқауға қатысқысы келгендер 12 маусымға дейін құжаттарын тапсыруы тиіс. Қорытындысы бір айдан кейін шығады. Жалпы жобалау жұмыстарына 8 ай уақыт берілген.

Жобалау жұмыстары аяқталған соң да, көпір құрылысы бірден басталмайды. Өйткені екі көпір қатар жабылса, қала ішіндегі қозғалыс қазіргіден де қиындай түспек. Сондықтан  жөнделіп жатқан темір жол депосындағы өткелдің ашылуын екі жыл бойы күтуге тура келеді. Ал осыдан 40 жыл бұрын салынған көпірдің астындағы бетон плиталардың шытынап жарылғанын көрген тұрғындардың дегбірі қашқан.

Людмила Ермольчева, Орал қаласының тұрғыны:

Көпірдің астымен жүруге қорқып, жанымен өтемін. Ешкімге сенбей немерелерімді осы жермен өзім алып өтемін. Төбедегі тесіктен бастарына бірдеме түсіп кете ме деп қорқамын.

Клавдия Филиппова, Орал қаласының тұрғыны:

Бұл жермен көктемде өтуге тыйым салды. Қазір қорықсақ та, өтіп жүрміз. Көпірдің астынан өткен сайын «сақтай көр!» деп құдайыма сыйынумен боламын.

Еркін Карин, тілші:

Жыл соңына дейін көпір тіреулері күшейтіледі деп сендірген  жұртты мамандар сабыр сақтауға шақырады. Осыған дейін хабарлағанымыздай, Оралда темір жол депосы көпірі 1 наурыздан бастап екі жылға жөндеуге жабылды. Құрылысқа қажетті 2 млрд теңгені Қарашығанақ кенішін игеріп жатқан компания бөліпті. Ал жүргізушілер, ұзындығы 500 метрлік өткелді екі жыл салу - жайбасарлық, деп қынжылады.

Еркін КАРИН