$514.93 €536.04 ₽5.18
×

Үйіне кетерде командирін қимаған қазақ әскері оны құшақтап, жылап жіберді

AstanaTV
25.12.2024ж. 11:30
149
Үйіне кетерде командирін қимаған қазақ әскері оны құшақтап, жылап жіберді

Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланына қарасты 5513 әскери бөлімінің майоры Нұрсұлтан Рахымбай әскерлерін үйге қайтарғанда, оларға ақыл айтып, халықтың ілтипатына бөленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Нұрсұлтан Рахымбай сарбаздарды үйіне жіберерде оларды далаға жинап алып, ақылын айтқан, жол сілтеген. Ең бастысы, майор «бір де бір әскерді өлтірмей үйге жіберемін» деген уәдемді орындадым дейді.

«Үйдегілеріңе сәлем айтыңдар. Әуел баста сендерге «бәріңді үйлеріңе аман-есен жіберемін» деп уәде бергемін. Командир ретінде бұл менің міндетім еді. Менің жалғыз мақсатым осы еді, соған жеттім деп ойлаймын. Сендерге үнемі айтамын – сендердің істеп жүрген дүниелеріңді екінің бірі істей алмайды. Сондықтан өздеріңді мақтан тұтыңдар», - дейді майор.

Сонымен қатар ол әскерден кетіп бара жатқан жігіттерге достық, адалдық, еңбек сияқты адал ұғымдар туралы ақыл айтқан.

«Қай қалада жүрсеңдер де бір-бірлеріңді ұмытпаңдар. Бір-біріңді іздеп тұрыңдар. Әскердегі бір досың сыртта жүрген жүз досыңнан артық деген. Не істесеңдер де ар-намысты жоғалтпаңдар. Ешкімге қиянат жасамаңдар. Маңдай термен еңбек етіңдер. Мен сендерге ризамын», - дейді сөз соңында майор Нұрсұлтан Рахымбай.

Онымен қоштасқан сәтте әскерлердің біразы қимастық танытып, құшақтап, тіпті сөз жастарына ерік берген.