$514.93 €536.04 ₽5.18
×

Қызылжарда апатты мектептер мәселесі толық жойылды

25.12.2024ж. 20:00
149
Қызылжарда апатты мектептер мәселесі толық жойылды

Қызылжарда апатты мектептер мәселесі толық жойылды. Аймақта биыл бірнеше мектеп тапсырылып, оқу сапасы артқан. Осының арқасында оқушылар үшауысымдық оқу жүйесінен толық арылды. Биыл білім беру саласында қандай өзгешіліктер болды? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин толығырақ әңгімелейді.

Қызылжарда биыл 3 мектеп қолданысқа берілді. Өткен ғасырда салынған Драгомировка ауылындағы білім ордасының орнына жаңа ғимарат бой көтеріп, аймақ тұрғындары апатты мектептер мәселесімен толық қош айтысты. Ал Петропавлда инклюзивті оқу бағдарламасы бойынша 300 орынға шақталған жаңа мектеп-интернат тапсырылды. Бұл жерде мүмкіндігі шектеулі балаларға жан-жақты жағдай жасалған. Сондай-ақ, тасқыннан зардап шеккен отбасыларға да мейілінше көңіл бөлінген. Орман шағын ауданында суперзаманауи мектеп есігін айқара ашты. Оқу бөлмелерінің түгел дерлігі IT жүйесімен жабдықталған.

Меруерт ТӨЛЕБАЕВА, ҚАЗАҚ ТІЛІ МҰҒАЛІМІ:

Сабақ барысында мақсатымызды оқушылар өздері аша алады. Және тыңдалым барысында оқушылар оқушыларға мәтіндерді тыңдауға береміз интерактивті панель арқылы. Және түрлі үлестірмелі тапсырмаларды оқушылар тақта арқылы өздері жасай алады. Баяғыдай қағаз жүзінде емес, барлығын интерактивті панель арқылы бере аламыз.

Жаңа мектептерді салумен қатар өңірде білім мекемелерін жөндеу жұмысы да жолға қойылған. Биыл облыс бойынша 54 мектеп жаңғыртудан өтсе, оның жартысына жуығы “Ауыл - ел бесігі” бағдарламасы аясында іске асырылған. Сондай-ақ, Қазақстан халқына қорының қаражатына 10 мектептің матерталдық-техникалық базасы нығайтылды. Биыл мектепке дейінгі біліммен қамту бағыты да жақсы көрсеткіштерге толы болды. Жыл басынан бастап екі балабақша қолданысқа беріліп, қосымша 495 орын пайда болды.

Айнагүл СҰРАҒАНОВА, СҚО БІЛІМ БЕРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Өңірімізде 2-6 жас аралығындағы балалардың 96 пайызы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етілетін болады. 92-ден 96ға өсіп жатыр. Жалпы біздің өңірімізде 3-6 жас аралығындағы балалар 100 пайыз мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етілген.

Бүгінде ауылдық жерлерде балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етудің профициті пайда болды. Демек, сәбилердің түгел дерлігі балабақшаға бара алады. Жергілікті билік облыс орталығында да жақын арада осындай көрсеткішке қол жеткізуді көздеп отыр.