$514.93 €536.04 ₽5.18
×

Ақсуда жылу қазандығынан ақау шықты

25.12.2024ж. 20:00
141
Ақсуда жылу қазандығынан ақау шықты

Ақсуда жылу қазандығынан ақау шықты. Салдарынан 50 мыңнан астам тұрғыны бар шаһар жылудан уақытша ажыратылды. Апатқа насостарды бекіту тығынының істен шығуы себеп болған. Қазір мамандар насостағы ақауды қалпына келтіріп, жылу құбырын суға толтырып жатыр. 

Ақсулықтар таңды жайсыз хабар қарсы алды. Жылу қазандығындағы ақауды естіп, тіптен шошып кеткен. Екібастұздағы апат қайталана ма - деген қауіп те болды – дейді, Елена Подоскина.

ЕЛЕНА ПОДОСКИНА, АҚСУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Таңертең оянсам, үй суып кетіпті. Ас үй тіптен салқын. Балаларға жылы киім кигізіп, өзім де жылы киініп алдым. Әйтпесе, тоңып қалдық. Онсыз да балалар ауырып жатыр. Жылытқыш қосып, жылынып отырмыз. Батереялер суып кетті.

Жылу қазандығындағы ақауға №5 және №6 желілік насостарды бекіту тығынының істен шығуы себеп болған. Оны жөндеу үшін насостар уақытша тоқтатылды. Соған байланысты жылу мөлшері төмендеп кеткен. Қала әкімінің сөзінше, ақау толығымен қалпына кетірілді.

БОЛАТБЕК ШӘРІПОВ, АҚСУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Істен шыққан ысырмалар бойынша жөндеу жұмыстары аяқталды. Жылу желі параметрлері қалпына келтірілуде. Жылу параметрлерін қалпына келтіру болжаммен 2-3 сағат уақыт алады. Насостарды қазір бірден қосылса, қаланың ішінде жылу беретін құбырлар бұзылады. Сол үшін насостың параметрін ақырын көтеруіміз керек.

Ақсуда жылу желілерінің 67 пайызы тозған. Әкімнің сөзінше, оны жөндеуге келесі жылы қаржы сұратпақ. Алайда, ескі жылу қазандығы да оңып тұрған жоқ. Бір айта кетерлігі, 50 мыңнан астам тұрғыны бар шаһарда жеке қазандық жоқ. Қала халқы жылуды Ақсу ферроқорытпа зауытынан алып отыр. Ал осыдан 7 жыл бұрын салынған жаңа қазандық жарамсыз болып қалған.

АНАТОЛИЙ ВОРОБЬЕВ, АҚСУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қазандықтың жарамсыз болып қалғаны үшін біреу жауап беруі керек. Бірақ, ешкім бізге бұның не себептен істемей тұрғанын түсіндірмеді. Қаншама қыруар қаражат жұмсалды. Бірақ, қазандық емес, ескерткіш болып тұр.

Қалада 257 көп қабатты үй бар. Әкімдік бүгін барлық баспанаға жылу берілетіндігін жеткізді.