$514.93 €536.04 ₽5.18
×

Су тасқыны: Биыл Үкімет резервінен 42,5 млрд теңге бөлінді

Су тасқыны: Биыл Үкімет резервінен 42,5 млрд теңге бөлінді

Елде су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға жан-жақты көмек көрсетілді. Үкімет биылғы табиғи апатты соңғы 80 жылда орын алған ірі су тасқыны деп бағалады. Тілсіз жаудан мыңдаған үй қирап, халық біраз шығынға батты. Алайда мемлекет тарапынан барлық залал өтелді. 

Биыл көктемде еліміздің 10 аймағын су басып, ел дүрлікті. Табиғи апат болған өңірлерде төтенше жағдай жарияланды. Тұрғындар эвакуацияланып, мыңдаған адамға медициналық көмек көрсетілді.

Зардап шеккен облыстардағы 36 455 отбасына біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. Ал 21 876 отбасына өтемақы төленді. Сондай-ақ 3600 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек төлемі тағайындалды. Комиссия жалғыз баспанасы болған 19 359 үй мен саяжайды тексерді. Нәтижесінде 5 767 баспана сатып алынды. Ал 9 156 үйде жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Сондай-ақ қысқа мерзімде 2 680 жеке тұрғын үй салынды.

Қазір Тобыл өңірінде баспанасыз қалған көпшілік, тасқынның тақсіретін ұмытып жаңа жылды жаңа қоныста қарсы алуға қамданып жатыр. Топан судан зардап шеккен тұрғындар түгел үйлі болды. Шығыны өтелді. Көктемде дүние-мүлкінен айрылған көпшіліктің көңілі көтеріңкі.

ЛЮДМИЛА ГОВРИШКО, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Көктемде тасқын болғанда қатты уайымдап едім.Ескі үйімізді су басты.Бірақ бізді далада қалдырған жоқ.Жан-жақты көмек көрсетті.Жаңа үй салып берді.Енді осы жаңа қоныста жаңа жылды қарсы аламыз.

Ал Қызылжарда тасқыннан зардап шеккен отбасылар үшін 700 жаңа үй бой көтерді. Тағы 700 отбасы “Бірлік” ауданында жаңадан салынған жеке үйлерді таңдап, қоныс тойын тойлады. Олардың қатарында Аймұхамбетовтер әулеті де бар. Қызыл су отбасының қос қабатты үйлерін шәйіп кеткен.

АНАСТАСИЯ АЙМҰХАМБЕТОВА,  ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Жаңа баспана көңілімнен шығады. Өте биік. Мұнда жөндеу жұмыстарын өзіміз жоспарлағандай істедік. Демеушілерге алғысымыз шексіз.

Аймақта табиғи апаттың салдарынан 4000 баспананы су басқан. Оның басым бөлігі тұруға жарамсыз болып қалды. Мемлекет қолдауының арқасында 1300 адам ескі үйлерін пәтерге айырбастады.