Премьер-министр Олжас Бектенов президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ақтау маңында болған ұшақ апатына байланысты қазіргі жағдайды жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекет басшысына Үкіметтік комиссияның Ақтау қаласы әуежайының маңында болған Аz Airlines әуе компаниясының Embraer 190 ұшағының апатқа ұшырау себептерін тексеру және зардап шеккендерге көмек көрсету жөнінде жүргізіп жатқан жұмысы туралы баяндалды.
Оқиға орнында зардап шеккендерге толық қолдау көрсету үшін шаралар қабылданды. Төтенше жағдайлар қызметі 430-дан астам қызметкер мен 80-ге жуық техниканы жұмылдырды. 29 адам ауруханаға жатқызылды. Зардап шеккендерге қажетті медициналық, психологиялық және басқа да көмек көрсетілуде. Апаттық-құтқару жұмыстары жалғасуда.
Әзербайжан Үкіметімен бірлесіп шетел азаматтары мен қаза тапқан жолаушылардың отбасыларына қажетті көмек көрсетілуде.
Президент зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету жұмысын ерекше бақылауда ұстауды және көршілес елдердің үкіметтеріне қажетті жәрдем көрсетуді тапсырды.