Түркістан облысы полиция департаменті қылмысты ашуға септігін тигізген қоңырау туралы айтып берді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Такси жүргізушісінен полицейлерге ерекше қоңырау түскен. Ол полицияға күдікті зат туралы хабарлады.
Шымкент қаласында белгісіз ер адам оған сәлемдеме беріп, оны Түркістанда бір қыздың күтіп алатынын айтқан. Жүргізуші басқа жолаушыларды түсіріп жатқанда сәлемдемені жерге құлатып алған. Ондағы электр шәйнегінен синтетикалық есірткі салынған екі орам анықталған.
Ер адам дереу полицияға хабарласып, мән-жайды түсіндірген. Жедел шаралар қабылданып, нәтижесінде сәлемдемені күткен жас қыз ұсталды. Тергеу барысында ол есірткіні жеке қолдануға алғанын мойындады. Қызға қатысты қылмыстық іс қозғалып, сот шешімімен жауапқа тартылды.
Түркістан облысы полиция департаментінің 102 арнасына жыл басынан бері 65 441 хабарлама келіп түскен. Бейнебақылауға жауапты инспекторлармен 49 736 әкімшілік құқық бұзушылық және 67 қылмыстық оқиға анықталған.