$515.25 €535.91 ₽5.18
×

Ұшақ апатынан қаза тапқан 10 адамның жеке басы анықталды

26.12.2024ж. 20:00
214
Ұшақ апатынан қаза тапқан 10 адамның жеке басы анықталды

Ақтаудағы ұшақ апатының салдарын жою жұмыстары жалғасуда. Қаза тапқан 10 адамның жеке басы анықталды. Ал, зардап шеккен 9 жолаушы арнайы бортпен Ресейге жөнелтілді. Өңірге келіп жатқан жақындары мен туыстары баспанамен қамтылып, оларға психологиялық көмек көрсетілуде. 

Ақтауға ұшақ апатынан қаза тапқан жолаушылардың туыстары келіп жатыр. Оларға психологтар көмек көрсетуде. 

ӘЙГЕРІМ ИБАТУЛЛАЕВА, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Қазіргі кезде қаза тапқан азаматтардың денелерін тану жүргізіліп жатыр. Кейбірін туыстары танып үлгерді. Бүгін тағы бірқатар азаматтың жақындары келеді.

Ұшақта 6 қазақстандық болған. Барлығы да қаза тапты. 29 жастағы Салима Жұтаева -Қостанай тумасы. Ол жергілікті медициналық колледжді тәмамдап, тіс дәрігері болып жұмыс істеген. Қазір оның шағын клиника жабық, есіктің алдына жұрт гүл қойып кетіп жатыр. Әлеуметтік желіде көпшілік естеліктер жазуда. 

Біз дүйсенбі күні ғана көріскен едік. Келе жатқан жаңа жыл мейрамымен бір-бірімізді құттықтадық. Келесі айда қабылдауға жазылған едім. Енді Салима жоқ. Жас, әдемі, кіршіксіз таза қыз еді. Неге бұлай болғанын түсіне алмай отырмын. Мен оны ешқашан ұмытпаймын. Салима мәңгі жүрегімде. 

Қаза тапқан қазақстандықтар қатарында 49 жастағы Елорда тұрғыны Гаухар Шаймерденова да бар. Ол Грозныйға ұлымен бірге аттанған. Ал Галина Махсұдова -Ақтау тұрғыны, Ол өз отбасына бара жатқан еді. Айта кетейік, 2 экипаж мүшесі ажалдан аман қалды. Бортсеріктер Зульфугар Асадов пен Айдана Рагимли Маңғыстау облыстық ауруханасында ем алып жатыр. 

ЖАНАР БАЙМАНОВА, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНАСЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ САПАСЫН БАҚЫЛАУ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Ресей Федерациясының делегациясы 9 науқасты алып кетті. Оның біреуі бала Қалғандары бақылауда. Қазір ауруханада. Әзербайжан Республикасының мамандары жұмыс істеп жатыр, оларды басқа ұйымдарға немесе басқа елге тасымалдау жақын арада шешілетін болады

Апат болған жерде үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр. 

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Мен ұшақты көрдім, ұшақтың бөліктері бір-бірінен 500 метр қашықтықта жатты. Ол жерге соғылып, аударылып жатқанда, көп нәрсе болуы мүмкін еді. Сондықтан мен қазір асығыс қорытынды жасаудан аулақпын. Бұл жұмыспен мамандар айналысып жатыр. Сарапшылар бар. Тергеу барысы Бас прокуратураның қатаң бақылауында.

Қанат Бозымбаевтың айтуынша, ұшақ қиындылары барлық талапқа сай жиналып, арнайы орында сақталады. Оны қазақстандық және шетелдік сарапшылар зерттейді.