Ақтөбеде мектеп мұғалімі мен тіс технигі 19 жылға сотталды. Сонымен бірге, олардың әрқайсысына жәбірленушінің отбасына 10 млн теңгеден моральдық өтемақы төлеу міндеттелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әбіш Кекілбаев атындағы № 72 жалпы білім беретін орта IT мектеп-лицейінің мұғалімі мен тіс технигіне қатысты қылмыстық іс Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.
Сотта белгілі болғандай, екеуіне «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» және «Адам өлтіру» баптары бойынша айып тағылған.
«Олар адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен 2023 жылдың наурыз айы мен 2024 жылғы 13 қаңтар аралығында гаражды жалға алып, онда психотроптық заттарды дайындайтын жасырын лаборатория ұйымдастырған. Өткізу мақсатында аса ірі мөлшерде психотроптық заттар, атап айтқанда «мефедронды» заңсыз дайындаған және сақтаған. Дайындаған психотроптық заттарды өткізу үшін тарих мұғалімі танысына ұсыныс жасаған. Алайда танысы ұсыныстан бас тартқан. 2024 жылғы қаңтарда танысы әкімшілік құқық бұзушылық жасап 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынған, сонымен қатар оның үстінен өткізу мақсатынсыз есірткі сақтау айыбымен қылмыстық іс қозғалған. Мұны білген тарих пәнінің мұғалімі өзінің әрекеттері әшкере болады деп қорқып, қылмыстарын жасыру мақсатында танысын өлтіруді ұйымдастырып, оны іске асыруды тіс технигіне тапсырған. 13 қаңтарда сағат 17.00 шамасында олар ортақ танысты оңаша жерге алдап ертіп апарып, оны тіс технигі пышақтап өлтірген», - делінген сот хабарламасында.
Сотталушылар есірткі зертханасы бойынша айыпты мойындамады, ал кісі өлтіруге қатысты кінәні бір-біріне жабуға тырысқан.
Сот үкімімен сотталушылар кінәлі деп танылып, оларға 19 жыл мерзіміне бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.