Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 26 желтоқсанда Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Сибирь» (Новосібір) командасына қарсы өткізді, - деп жазды KAZINFORM.
Елордалық команда биыл сәтсіз ойын көрсетіп келеді. Турнир кестесінде небәрі 22-орынды місе тұтып тұрған «Барыстың» әзірге жағдайы оңалатын түрі жоқ. Қазірге дейін он екі ойынның небәрі біреуінде жеңске жетсе, қалғанында қарсыластарына есе жіберіп қойды.
Биылғы маусымда «Сибирь» де жанкүйер көңілінен шыға алмай келеді. Ресейлік клуб үшін де плей-офф сатысына шығу қиындап барады.
Кездесу барысында командалар алғашқы екі кезеңде есеп аша алған жоқ. Екеуінің тарапынан да гол соғатын мүмкіндіктер болған еді. Дегенмен бұл мүмкіндіктен мүлт кетіп жатты.
Үшінші кезеңнің алғашқы минуттарында қазақстандық команданың басымдығы байқалып тұрды. Десе де ойын соңына таман ресейлік клуб қатарынан екі шайба соғып кетті. Оны Сергей Широков 53, Кирилл Рассказов 56-минутта өзінің еншісіне жазды.
Осылайша елордалық клуб қарсыласына 0:2 есебімен есе жіберіп, қатарынан төртінші мәрте жеңіліп қалды.
Енді қазақстандық клуб алдағы екі ойынын сырт айдында өткізеді. Алдымен 28 желтоқсанда Ресейде «Торпедо» (Нижний Новгород) командасына қарсы өткізсе, одан кейін 30 желтоқсанда «Салават Юлаев» (Уфа) клубымен кездеседі.