Аустралияның Сидней және Перт қалаларында аралас командалық сында United Cup турнирі өтуде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 6-ракеткасы Елена Рыбакина бастапқы кездесуін рейтингіде 54-сатыдағы Джессика Бузас Манейромен өткізді.
Бірінші партияда 4:0 есебімен алға кеткен қазақстандық теннисші сол басымдықты сақтап қалды – 6:2.
Екінші сетте есеп 3:2 болған мезетте Елена брейк жасай білді – 4:2. Содан кейін матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:3.
Бір сағат 18 минутқа созылған бәсеке барысында қазақстандық спортшы 5 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Испаниялық теннисші 1 брейкпен (10 брейк-пойнт) көзге түсті.
Бұл биыл бапкер алмастырып, хорватиялық маман Горан Иванишевичпен бірге жаттығып жүрген Е.Рыбакинаның жаңа маусымдағы алғашқы ойыны еді. Өткен жылы осы мерзімде ол Брисбен WTA 500 турнирінде өнер көрсетіп, жеңімпаз атанған болатын. Биыл Е.Рыбакина United Cup командалық жарысына қатысуды құп көрді.
Қазақстан құрамасы сапында кортқа бірінші болып шыққан әлемнің 78-ракеткасы Александр Шевченко дүниежүзілік рейтингіде 196-орында тұрған Пабло Каррено-Бустадан ойсырай ұтылды – 2:6, 1:6. Бұл кездесу 1 сағат 4 минутқа созылды.
Әзірге Қазақстан – Испания матчында есеп тең – 1:1.
Бүгін өзгеріс болмаса, Е.Рыбакина мен А.Шевченко жұптық сында да ел намысын қорғайды.
Айта кетейік, Қазақстан United Cup додасында алғаш рет өткен жылы бақ сынап көрген еді.