$521.81 €543.67 ₽5.05
×

Қазақстанда алғаш рет әртістерге арналған оңалту орталығы ашылды

AstanaTV
27.12.2024ж. 18:17
162
Қазақстанда алғаш рет әртістерге арналған оңалту орталығы ашылды

 Мәдениет және ақпарат министрлігі «Астана Опера» театр саласында жаңа стандарттарды енгізуді жалғастырып жатқанын мәлімдеді.

Алғаш рет Қазақстанда театр жанынан әртістер мен техникалық ұжымның белсенді физикалық қозғалыстан және жарақаттардан кейін қалпына келуі үшін мамандандырылған көмек алатын оңалту кабинеті пайда болды. Игі бастаманың іске асуына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Самұрық-Қазына» қоры қолдау көрсетті. 

Театр – әртістің жан-тәнімен берілуін талап ететін өнер. Әрбір спектакльді сахналау үшін бірнеше ай бойы дайындықтар қажет. Кейде олар белсенді физикалық жұмыстан кәсіби жарақаттар да алады. Осы уақытқа дейін Қазақстандық әртістер денсаулығына өз бетінше қарап немесе жалпы бейіндік емханаларға жүгінетін. 

Енді оңалту кабинеті ашылған соң, кәсіби көмек қолжетімді бола түспек. Кабинет бұлшықетті қалпына келтіруге, ауырсынуды басуға және түрлі ем-шаралар жасауға арналған заманауи құралдармен жабдықталған. Дәл осы жерде әртістердің қалыпты жұмысына тезірек оралуы үшін оларға қалай көмектесуді білетін реабилитолог маманның кеңесін алуға болады.

Оңалту кабинетінің ашылуы – театр өміріндегі жаңа кезеңнің белгісі. Сахнада кәсіби өнерімен халықтың ықыласына бөленіп, сәтті өнер көрсетіп жүрген «Астана Опера» инновациялық бастама жасады. Мұндай қадам сахнадағы барлық өнерпаздың еңбегіне деген құрметті көрсетеді. Сондай-ақ сахнада әсерлі өнер көрсеткен әр әртістің артында қажырлы еңбек, денсаулық пен жанкештілік тұрғанын еске салады. 

Енді театр әртістері денсаулығын білікті маманға тапсырып, бар күш-жігерін басты мақсат – шығармашылыққа арнай алады,-деп жазады Қазақпарат.